Өскеменде дендрологиялық жоспар жасалады

Өскеменді жасылдандыру енді осы саладағы мамандардың кеңесімен ғана жүзеге асырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы зерттеулер жүргізіледі. Осылайша, қаланың дендрожоспары жасалады. Аталған құжаттың алғашқы кезеңі үшін кететін қаражат аз емес. Шамамен 100 миллион теңге керек. Бұған облыстық бюджет тарапынан көмек көрсетілмесе, қаланың қауқары жетпейді. Жасыл жобаны экологтар да қолдап отыр. Өйткені табиғат жанашырлары «шаһарды көгалдандыру картасын жасау керек» деген ұсынысты талай жылдан бері айтып келеді.

Дендрологиялық жоспар бойынша әр түп ағаш есепке алынады. Саны ғана емес, оның түрі, жасы, қай жерде егілгені, қаншалықты жерсінгені, қазір қандай күйде екені ескеріледі. Мұндай кешенді шара соңғы 30 жылда алғаш рет жасалғалы тұр.

Елена Березинская-Әбілова, «EcoJer» экологиялық бастамалар қауымдастығы облыстық филиалының  жетекшісі:

- Бұл – өте маңызды бастама. Жыл сайын отырғызылатын көшеттер мен ескі ағаштардың ревизиясы жасалу керек. Сонда ғана қаланы абаттандыру сапалы жүргізіледі.

Дәулет Асанов – өлкедегі танымал экологтардың бірі.Табиғатқа қатысты бірде-бір дүниеге бей-жай қарамайды. Айтуынша, бұл анау айтқандай оңай шаруа емес. Бірнеше маман мен ғалым, зерттеушілер жұмылдырылатын ауқымды жұмыс. Ондаған мың түп ағаш қайта есептеледі. Сондықтан әу бастан қомақты қаржы бөліп, үлкен жауапкершілікпен кіріспесе болмайды. Әйтпесе, жоба орта жолда тоқтап, ұмыт болуы да ғажап емес, - дейді ол.

Дәулет Асанов, облыстық Экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры:

- Егер бюджетті анықтаған кезде оған шынымен мына нарықтағы бағаларды анықтап, кәсіпорындардың осындай жұмысқа қанша уақыт, қаншама ақша кететінін анықтаса, онда дұрыс, ал енді жай ғана бір аздаған ақшаны сала салса, бұл нәтижесі тағы әр кезде нәтиже шықпайды.

Сарапшылардың айтуынша, шаһарды жасылдандыруда жүйесіздік байқалады. Ағашты екенннің жөні осы екен деп, ретсіздікке жол беруге болмайды, - дейді олар. Мәселен, Өскеменде жыл сайын 40 мың түп көшет отырғызылса, соның жартысы өспей қалады. Бұл – ғылыми көзқарасқа сүйенбеудің салдары. Дендрожоспарда осының барлығы қамтылады.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің көмекшісі:

- Қай қаланың өңір жерлерінде шағын аудандарында жасыл қорды ауыстыру керек екені, бәрі толық ауыстыру керек екенін ақпарат білеміз, мамандар жұмыс істейді, сонымен қатар отырғызудан басқа ол ағаштарға лайықты мамандардың оны лайықты суаруы, арнайы минералдар пайдалану ретінде өсіру жұмыстары кіреді.

Дендрожоспардың алғашқы кезеңі үшін 100 миллион теңге қажет. Коммуналдық қызмет өкілдерінің бюджеттік өтініші жақында облыстық маслихат депутаттарының қарауына түседі.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.