Агрессорлармен жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды

Агрессорлармен жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды

Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы баяндады.

Мемлекет басшысы кәмелетке толмаған балаларға жасалған қастандықтарды қоса алғанда, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруды тапсырды.

Алдын алу және отбасыларға кешенді көмек көрсету аясында өңірлерде 68 қолдау орталығы жұмыс істейді, оның 19-ы уақытша тұратын орын ұсынады. Психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмекпен қатар ондағы мамандар отбасы институтын нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетеді – деді Аида Балаева.

Оның сөзіне қарағанда, жалпы жыл басынан бері 100 мыңнан астам консультация берілген.

Сонымен қатар министр қазіргі уақытта өңірлерде ҮЕҰ дағдарыс орталықтарының жұмысын қаржыландыру, жастар арасында отбасылық құндылықтарды насихаттау, халықтың репродуктивті денсаулығын сақтау және аз қамтылған отбасылармен профилактикалық жұмыс сияқты шараларды қамтитын 156 әлеуметтік жоба іске асырылып жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігі агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу бойынша пилоттық жобаны іске қосты, оның мақсаты – отбасыларды сақтау және тұрмыстық қылмыстар санын азайту. Одан бөлек 16 қазаннан бастап республикада отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111-AMANAT» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылды, ол арқылы жедел режимде құқықтық, психологиялық және консультациялық көмек көрсетіледі – деді министр.