Өскемендік құтқарушы жекпе-жектен әлем чемпионы атанды

Қызмет пен спортты қатар алып жүрген азамат.

Өскемендік құтқарушы Ерзат Сақабанов жекпе-жектен әлем чемпионы атанып үлгерді. Өз міндетіне зор жауапкершілікпен қарайтын Ерзат қазір болашақ чемпиондарды жаттықтыруға да уақыт тауып жүр.

Бұл кадр Ерзат үшін қадірлі. Қырғызстандық қарсыласын жеңген сәт. Қарапайым құтқарушы – енді жекпе-жектен әлем чемпионы. Сонымен қатар ол – көпбалалы әке әрі жаттықтырушы. Күн тәртібінде бос уақыт жоқ. Қызметке келе сала міндетін мінсіз атқаруға кіріседі. ЗИЛ көлігін тізгіндеп, өрт шыққан жерге аттанады.

Ерзат Сақабанов, құтқарушы:

- Бір күн жұмыста болып, 3 күн бос уақытымызды осы залға және жаттығуға   арнаймыз, ең бастысы. Екеуі – екі түрлі мамандық, бірақ ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді деп жаңағы 2 жұмысты бірге алып жүрміз.

Әріптестері жан-жақты және ісіне тиянақты Ерзатты қашанда мақтан тұтады.

Ермек Сыбанов, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі:

- Ерзатпен өрт сөндіруге шығудың өзі барлық қарауылдың өзіне сенімділігін береді, әрқашан қызметте белсенді, жарысқа барғанда да, өрт сөндіруде де Ерзатқа қатты сенеміз.

Ерзатқа ізбасар інілері де қатты сенеді. Өйткені қолы қалт етсе, жеткіншектерге жекпе-жек әдістерін үйретеді. Тіпті чемпиондар тәрбиелеп үлгерген.

Нұрислам Сайлаухан, оқушы:

- Тәрбие, дициплина ол мені жарыстарға шығарып, менің мотивациямды көбейтті. Содан кейін мен жарыстарға шыға бергім келді де, қазір мен – екі дүркін Қазақстан чемпионымын.

Ерзат жастарды баулуды бұдан әрі де жалғастырамын дейді. Себебі бүгінгі ұрпақты жаман әдеттен сақтаудың жалғыз жолы спорт деп біледі.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.