Су ресурстарын тиімді басқару бағдарламасы қабылданды

Қазақстанның Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамы «Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару бағдарламасын» іске асыру бойынша шартқа қол қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағдарлама аясында Әмудария мен Сырдария өзендерін климаттың өзгеруіне бейімдеу шаралары әзірленбек. Арнайы үйлестіру комитеті құрылады. Неміс тарапы жергілікті мамандарды оқыту жағын өз мойнына алмақ. Жобаға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Ауғанстан елдері де қатысады.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Біздің бірлескен іс-қимылдарымыз діттеген мақсатымызға жетуге және су ресурстарын басқару мәселесінде Орталық Азия елдері арасындағы кооперацияны күшейтуге мүмкіндік береді деп сенемін. Суды тиімді және дұрыс пайдалану – басты мәселелердің бірі. Сондықтан алдымызда тұрған барлық міндетті бірлесіп, неміс әріптестеріміздің қолдауымен шешетін боламыз.