Түркістандық ару өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионы атанған

Құтқарушы – қызығынан қиындығы көп мамандық.

Бірақ соған қарамастан осы салада тер төгіп, биік белестерді бағындырғандар қаншама? Соның бірі – Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің аға лейтенанты Айдана Тұрсын. Ол – өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионы. Көпшілік «өрмекші қыз» атап кеткен бойжеткенмен кәсіби мереке қарсаңында тілшілеріміз тілдесіп қайтты.

Айдана 17 жасынан бастап жеңіл атлетикамен айналысады. 3 жылдан бері облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде қызмет етеді. Алғаш құтқарушылар арасындағы ел біріншілігінде топ жарды. Былтыр Өзбекстанның Самарқанд қаласында әлем чемпионы атанды. Биыл Түркияда өткен жарыста кедергісі бар 100 метр қашықтықты 16 секундта жүгіріп өтіп, екінші орын иеленді. Сол бәсекеде 2-ші қабатқа 7 секундта сатымен көтеріліп, Қазақстан рекордын жаңартты.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Құтқарушылар көпқабатты тұрғын үйлерде болатын өрт оқиғасы мен тағы да басқа оқыс жағдайларға осы жерде дайындалады. 4 қабатты оқу мұнарасы құтқарушылардың дайындығын пысықтау үшін арнайы салынған. Мамандар биік ғимаратқа сатымен өрмелеу ептілік пен жылдамдықты және ұқыптылықты қажет ететінін айтады. Ереже бойынша құтқарушылар 2-ші қабатқа 7-9, ал 4-ші қабатқа 20-24 секунд аралығында шығып үлгеруі тиіс. Ал ол күнделікті үздіксіз жаттығу мен қажырлы еңбекті талап етеді.

Қаршадай қыз жұмысқа да, спортпен шұғылдануға да уақыт табады. Күнделікті 2 сағатын осы алаңда өткізеді. Ерлермен иық тірестіре жаттығу жасап, шеберлігін шыңдайды. Оның Түркияда өткен әлем чемпионатында 2-ші қабатқа сатымен зу етіп көтерілген сәті әлеуметтік желіде кеңінен таралып, «Өрмекші қыз» деген лақап ат қойылған болатын.

Айдана Тұрсын, өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионы:

- Адамда бірінші кезекте тәртіп, одан кейін алдында мақсаты болуы керек. Мақсаты болған кезде барлығына уақыт табады, барлығын істеуге болады. Менің видео бұлай тарап кетеді деп ойлаған жоқпын. Бір күнде танымал болып кеттім. «Сіз «Өрекші қыз» емессіз бе?» деп бүкіл ғаламторда солай танылып кеттім. Бұл одан бетер шабыт сыйлайды.

Айдана ұжымдағы әріптестеріне де сыйлы. Барлығы оны құрметтеп, төбелеріне көтереді. Бойжеткеннің бағындырған белестерімен мақтанады. Қаршадай қыз қақпақ жауырынды жігіттерге құтқару тәсілдерін үйретіп, білгенімен бөліседі.

Нұрболат Кенжебаев, облыстық ТЖД мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

- Біздің Айдана қарындасымыз біздің саланың қаншалықты жоғары деңгейге өсіп жатқанын және біздің өрттен құтқару спортымыздың деңгейін көрсетті. Бізде таза өрт сөндірушілер 50 шақты жеке құрамнан құралған. Ақыл-кеңесін айтып, қалай тез шығу керек, қалай тез әрекет жасау керектігін бізге үйретеді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін қыз.

Құтқарушы болу – оңай оңай кәсіп емес. Күн-түн демей жалынмен арпалысып, суға кеткен адамдары іздеу – жанкештілікті талап етеді. Әр күн сайын ажалмен бетпе-бет келіп, адам өмірін құрқаруға міндеттісің. Бұл төзімділікпен қатар үлкен дайындықты және күш-жігерді қажет етеді.

Бақытжан Запаров, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Мен сүңгуірлермен көп сөйлесемін. Суға батқан адамды шығарған кезде олар қатты қиналамыз дейді. Ал өртке келетін болсақ, жарылыс болады. Газ баллондар жарылады. Өздерінің өмірлерін, денсаулықтарын бәйгеге тігіп, кіріп жатқандар бар. Жас балалар ананың бәрін көріп, ертесіне жұмыстан шығып жатқан жағдайлар болады. Жұмыстың ауырлығына осыған қарап-ақ баға беруге болады.

Өткен жылы облыста 494 өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жаудан 6 адам зардап шегіп, 9 адамның өмірі қиылды. Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары кезінде 166 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Жедел құтқару жасағы тау-тас пен өзен-көлдерде 72 рет іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 24 адам құтқарылды, оның 10-ы – бала. Биылғы жылдың 9 айында 291 өрт оқиғасы болды. Жедел құтқару жасағы 81 рет іздеу жұмыстарына қатысып, 206 адамды аман алып қалды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.