Алматы және Алматы облысының тауларында өрт қаупі сақталады

Алматы және Алматы облысының тауларында өрт қаупі әлі де сақталып отыр.

Бұған жауынның аздығы мен құрғақ шөптің көптігі себеп. Іле Алатауы мен оған жақын жердегі ірі елдімекендерде барынша сақ болған жөн. Осы жағдайды ескерген «Қазавиаорманқорғау» қызметкерлері әуе жаттығуын өткізді. Олар өртке қарсы десантты тікұшақтан түсіріп жаттықты. Жиынға алғаш рет жас мамандар қатысты. Олар мотопомпаларды, арқаға салатын өрт сөндіру құралдарын қолданды. Ал ұшқыштар авиациялық су тасу құралы арқылы қызыл жалынға әуеден су төгуді пысықтады. Биыл Алатаудағы жағдай оңай болған жоқ. Мамыр айында Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінде өрт шығып, Алматы Төтенше жағдайлар департаментінің бір қызметкері қаза тапты. Өртті сөндіруге бір аптаға жуық уақыт кетті.