Қазақстанда құлақ-мұрын және тамақ аурулары асқынып тұр

Жыл сайын шамамен 18 мыңнан астам операция жасалады екен.

Дәрігерлер әсіресе құлақ ауруларына шағынушылар көп дейді. 

2002 жылы Айгүл Телегенованың өмірі күрт өзгерді. Волейбол ойнап жүрген кезде басына доп тиіп, мертігеді. Қатты соққыдан құлақ қалқаны жарылған. Ауруы күн өткен сайын асқына түскен. Жуырда ол операция жасатты. Биоматериал ретінде дәрігер келіншектің құлақ шеміршегін пайдаланған.

Айгүл Телегенова, емделуші: 

- Құлақ қалқаны ашық болғандықтан, ауа, су кіретін. Соның кесірінен іші іріңдеп, ісіп кетеді. Шаншып ауырғанда шыдау мүмкін емес. Барынша су тигізбеуге тырысатынмын. Теңіз үйіме тиіп тұрса да, шомылмайтын едім. Дәрігер құлақ шеміршегінен 2 см кесіп алып, қалқанды бітеп берді. Енді бәрі жақсы болады деп үміттінемін.

Эндоскоп құралымен құлақ қуысына күрделі операцияларды оңай әрі тез жасауға болады.  Бұл - отандық медицинадағы теңдессіз технология. Тіпті, пышақтың ізі де қалмайды, - дейді дәрігер. Медет Маханбет -  "Болашақ" түлегі, 13 жылдық тәжірибесі бар маман. 3 мыңнан аса науқастың құлан таза жазылуына жәрдемші болды.

Медет Маханбет, отоларинголог:

- Бұлай операция жасауды маған ешкім үйреткен жоқ, өз бетіммен зерттеп жүріп үйрендім. Бір артықшылығы, операция орны тез жазылады әрі уақыт алмайды. Науқас 3 күннен кейін үйіне жіберіледі.

Жыл сайын елде құлақ-мұрын аурулары бойынша 18 мыңнан аса хирургиялық операция жасалады. Әсіресе құлақ ауруларына шағынушылар көп. Тіпті, кезекке де алдын ала екі жыл бұрын тұру шарт. Оның үстіне, бұл салада маман қат. Қазақстанда 1400-дей лор дәрігер бар. Астананың өзінде екі орталықтың ғана операция өткізуге әлеуеті жетеді.

Айгерім Бекежанова, ҚР ДСМ штаттан тыс бас отоларингологінің міндетін атқарушы:

- Операция кезегінде 12 мың адам тұр. Қазір 2025 жылға жазылу басталды. Бұл Қазақстанда құлақ-мұрын ауруларының дендегенін білдіреді, ал емдейтін орындар өкінішке қарай аз. Азаматтар көбіне Астана, Алматы, Шымкент қалаларына келіп қаралады.

Эндоскопиялық операцияны жасайтын елдер әлемде саусақпен санарлықтай. Соның бірі - біздің ел. Медет те бар білгенін әріптестеріне үйретуге ынталы.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Сәния Көпжасарова, Акылбек Есимсеитов