Алматыда автобус тапшылығы байқалады

Алматыда қоғамдық көлік тапшы.

Мәселені шешу үшін биыл бюджет есебінен 46 млрд теңге қарастырылып, бұған 600 автобус сатып алу жоспарланған.

Алматы облысындағы қоймада автобустардың саны көбеймесе, азаймай тұр. Тұрғындар қойманы «автобус зираты» деп атап кеткен. Онда 800-ден астам қоғамдық көлік қаңтарылып тұр. Ең ескісі 2010, ал жаңасы 2018 жылғы. Яғни тозып үлгермеген. Ал оларға иелік ететін коммуналдық кәсіпорын,, бұл автобустардың көбі жүреуге жарамсыз және жөндеуге келмейді дейді.

Абылайхан Омархан – "Алматыэлектротранс" ЖШС бас директорының орынбасары:

- Бүгінгі күні техаудит және басқа да тексерістер бойынша автобустарды қалпына келтіруге жарамсыз. Және алдағы уақытта ол техниканы есептен шығарады. Яғни списаниеге дайындалып жатқан техникалар. Автобустардың 200-ге жуығы ЛиАЗ маркалы 2017-18 жылдары сатып алғандар. Оның 154 данасы Алматы облысы балансына берілген болатын олардың алдағы уақытта пайдалануы үшін. Және 50-ге жуық автобус біздің жауапкершілікке тиістілер.

Қазір 11 бағыт бойынша қоғамдық көлік тапшы. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше 1000-ға жуық автобус жетіспейді. Бұл тұрғыда қалалық мәслихат депутаты жаңа техниканы сатып алудың қажеті жоқ деп отыр. Оның орнына қосалқы бөлшектерді қарастырып, қоймадағы тізілген көліктерді жөндеуге күш жұмсау керек дейді.

Тимур Елеусізов, қалалық мәслихат депутаты:

- Қоғамдық көлікке байланысты сұрағым көп. Кейбір сарапшылардың пікірімен келіспеймін. Олар әр 8 жыл сайын автобусты жаңартып отыру керек дейді. Бірақ жөндеуге жарамды болса, оның техникалық бақылауы дұрыс жүргізілсе, онда жаңа автобус сатып алудың не қажеті бар?! Бұл бюджет қаражатына да әсерін тигізеді. Оның орнына қаржыны қаланың нағыз қажетті дүниесіне жұмсауымыз керек деп есептеймін.

Ал Автокөлікшілер Одағы бас директорының айтуынша, қосалқы бөлшектер қымбат тұрады. Оған қарағанда жаңа автобустың бағасы арзан.

Сәбит Аманбаев, автокөлікшілер одағының бас директоры:

- Қазір сапалы техникалық қызмет көрсетудің орнына,, автобустарды тұраққа қойып, жаңа автобустар сатып алынып жатыр. Ал сол жаңа көліктерді ұзақ уақыт пайдалану үшін жағдай жасалмаған. Бұл салада жауаптылардың тәжірибесі мол, жоғары санатты мамандардың болғаны дұрыс. Бір айта кететін жайт -  жеке автопарк қана автобустардың жағдайын бақылауда ұстап, олардың ұзаққа дейін жарамдылығын сақтап отырады.

Сәбит Аманбаев автобустарды коммуналдық автопарктерден алып, жеке тасымалдаушылардың меншігіне беру керек. Сонда ғана мәселе оңтайланады дейді. Жалпы биыл бюджет қаражаты есебінен, яғни 46 млрд теңгеге 600 автобус сатып алу жоспарланған. Оның 100-і бүгінгі күні Алматы жолдарында жүр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ғафу Уәли