Қазақстанның ХІ Азаматтық форумы өз мәресіне жетті

Қазақстанның ХІ Азаматтық форумы кезінде үкіметтік емес ұйым өкілдерінен мыңға тарта ұсыныс түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қабылданған ұсынымдар азаматтық қоғамды дамыту жөніндегі жоспарды әзірлеу кезінде негізге алынады.

Қазақстанның ХІ Азаматтық форумы өз мәресіне жетті. Іс-шара аясында 50-ден астам өзекті тақырып талқыланды. Оның ішінде ауылдарды дамыту, инклюзивті қоғам құру және дамуында ерекшелігі бар балаларға көмек қолын созу сияқты тағы басқа маңызды мәселелер көтерілді.

Данияр Қадыров, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

- Біз жылдың басынан бастап өңірлік азаматтық форумдар өткіздік. Ол азаматтық форумдар Қазақстанның 17 облысы мен 3 қаласында өтті. Қазіргі таңда, өздеріңіз білесіздер, еліміздегі азаматтық сектор үкіметтік емес ұйымдар өте белсенді. Қазір елімізде болып жатқан барлық салалардағы әлеуметтік, саяси бастамалардың бәріне қосылып отырады.

Ұлытау облысында азаматтық ұйымдардың белсенділігі ерекше. Осы өңір бойынша азаматтық альянс жетекшісі біраз салаларда ілгерілеу байқалатынын айтады. Бүгінгі күні жобалардың басым көпшілігі экологияға бағытталған.

Әсем Асанханова, Ұлытау облысы Азаматтық альянсының президенті:

- Енді қазіргі таңда біздің жастарымыздың сол жобаға байланысты медиа жобаларын үкіметтік емес ұйымдар бойынша сол жобаларды көтерсек дейді. Экология бойынша жұмыстарымызды жүргізсек дейді. Себебі біздің экология бойынша ахуалдарымыз, өте жаңағы сұрақтарымыз ауыр болып тұр қазіргі кезде. Сосын ең басты мәселе, қазіргі ол отбасы институтын көтермекшіміз. Тәрбие жағына сондай көңіл бөліп жатырмыз. 

Форумда биыл алғаш рет ел ішінде қайырымдылық істермен айналысып, көптеген отбасыға көмектесіп жүрген қоғам белсенділері марапатталды.

Авторы: Әл-Фараби Серіков.