Көкшетауда экологиялық акция өтті

Көкшетауда «Менің елім – менің туым» атты экологиялық акция өтті.

Республика күніне орайластырылған шараға бес мыңға жуық адам қатысты. Олар көлемі 18 мың текше метр болатын қоқыс жинап, 100-ден астам ағаш екті.

Бұқпа тауының етегі мен Қопа көлінің жағасы күл-қоқысқа толып жатады. Себебі, бұл жерге жазда демалушылар көп келеді. Тазалыққа туристерден бөлек, қала тұрғындары да немқұрайлы қарайды. Сол себепті акцияда негізгі басымдық осы екі аумаққа берілді.

Ерден Нұрмұхамет, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:

- Бұл сенбіліктің мақсаты – қаланы таза ұстайық, экологияны таза ұстайық деген мақсатта сенбіліктер жүргізіп тұрамыз. Жұмасына бір демесекте, айына бір сенбілік өткізіп тұрамыз. Жоғары оқу орындарының студентері мен колледж студентерінің барлығы атсалысып, еріктілер бар, қаншама ұйым жетекшілері бар осы «Жасыл Қазақстан» акциясын қолдап сенбіліктер жасап жатырмыз.

Қаланы тазартудан бөлек көгалдандыру жұмыстары да көзделген. Осы мақсатта орталық көшелердің бойына ағаштар егілді. Алдағы сенбіліктерде халық көп шоғырланған шағын аудандар да күл-қоқыстан тазартылмақ.

Әділет Рақымжанов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Красный яр ауылының маңындағы қоқыс полигонымен келісіп, бар қоқысты сонда төгіп жатырмыз. Осы айдан бастап полигон жергілікті тұрғындарға тегін қызмет көрсетеді. Яғни қала тұрғындары сенбіліктерде ғана емес, жай күндері де қоқысты сонда төге алады. Алдағы уақытта Сарыарқа, Бірлік, Застанционный сияқты үлкен шағын аудандарды тазартуды жоспарлап отырмыз.

Жалпы күз басталғалы осындай ондаған экологиялық акция өтіп, 30 мың текше метрге жуық қоқыс жиналды.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный