Қазақстан халқының саны 19 186 015 адам

Еркектер сәл аз, қыз-келіншектер сәл ғана көптеу.

Яғни ерлердің үлесі 48,6 әйелдер 51,4 пайыз. Мұның ішінде қазақтың саны 70 пайызға жетті.

Ұлттық статистика бюросы елде 2021 жылы жүргізілген халық санағының қорытындысын жариялады. Санақ барысында ауылдан қалаға үдере көшкендердің көбейе түскені анықталды.

Он жылда бір рет өткізілетін Ұлттық халық санағы еліміз егемендік алғалы бері осымен үшінші мәрте жүргізілді. Үш он жылдықта жеткен жетістігіміз жіліктеп жіпке тізілді. Жалпы белгілі бір уақыт шеңберінде халықтың демог­ра­­фиялық, экономикалық және  әлеу­мет­тік сипаттағы ақпаратын жинап өңдеудің ауқымы әлдеқайда кең. Себебі мұнда есеп-қисап қана емес, ең алдымен мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындайтын шешімдер шығарылады. Демек тұтас бір мемлекеттің ішкі болмыс-бітімі, халықтың тыныс-тіршілігі таразыға тартылады. Ал 2021 жылғы санақ бұрынғысынан өзге, екі түрлі тәсілмен жүргізілді.

Гүлнар Куканова, сарапшы:

- Халық санағы негізінен екі түрлі тәсілмен жүргізілді. Біреуі планшетпен одан кейін әр адам жеке тұлға интернет арқылы өтуге мүмкіндігі болды. 10 жылда бір рет өтетін болғандықтан біз осы жылдар ішінде халықтың құрамы қалай өзгерді? Соған көп мән береміз. Бұл халық санағының құндылығы сонда бұгның мәліметтері тек статистикаға ғана емес әр түрлі мемлекеттік бағдарламалар жасау үшін, үй жайын қарау үшін, мектеп балабақша салу жағынан да көмектеседі.

Статистика елдегі урбанизация үрдісі 5%-ға артқанын көрсетті. Ауылдан қалаға үдере көшу басым. Бұл тұста Қарағанды облысы көш бастап тұр. Ондағы халықтың 80 пайызы қалада тұрады. Бұл тізімді Шығыс, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары жалғап тұр. Сонымен қатар еліміздің үш өңірінде халық саны 2 млн адамнан асты. Ал елдегі ерлер мен әйелдердің үлесі 12 жыл ішінде айтарлықтай өзгермеген.

Мақсат Тұрлыбаев, ҚР ұлттық статистика бюро басшысының орынбасары:

- Урбанизация деңгейі соңғы кезде өсіп келеді. Елімізде урбанизация 56 пайыздан 61 пайызға дейін жетті. Қала халқының саны 11,07 млн құрады. Ауыл 7,4 млн құрап отыр.

Сондай-ақ, қазақстандықтар салыстырмалы түрде жасарып келеді. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда орташа жас 31-ден 32 жасқа дейін өсті. Мамандар санақ жүргізілген кезеңде 15 жасқа дейінгі балалар 5 миллион 600 мыңға жеткенін айтты. Егде тартқан жандардың да саны артқан. 65 жастағы тұрғындардың үлесі 7,1 пайыздан 8,2 пайызға жеткен. Ал торқалы 90-нан асқан қариялардың көбі Шығыс Қазақстан облысында тұратын болып шықты.

Авторы: Айнұр Қуатқызы