Әйгілі Ван Даммен тілдескен солтүстікқазақстандық ару

TikTok желісіне өзі туралы түрі бейнероликтар жүктеп, әп-сәтте танымал болған Елена Басырева  - екінші топтағы мүгедек.

Өзінің қажыр қайратына сенген жан жақында мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібін дөңгелетпек.

Солтүстік Қазақстандық Елена Басырева екінші топтағы мүгедек. Бойы бір метрден аспайды. Салмағы небәрі 34 келі. Мүмкіндігі шектеулі болса да, ел қатарлы еңбек етеді. «Бастысы ешкімге масыл емеспін»,- дейді ол.  Өзі спортпен шұғылданғанды жақсы көреді.

Шағын ауылда тұратын Елена ойламаған жерден әлеуметтік желінің жұлдызына айналды. Қазір «Тик Ток» желісінде оның 82 мыңнан астам оқырманы бар.

Жүктеген бейнежазбалары қызық болғандықтан, көптің көңілінен шықты. Сондықтан жариялаған роликтері аз ғана уақытта желіде желдей есіп, миллиондаған адамға ұнаған.

Елена Басырева, ауыл тұрғыны:

- Тамыз айында тікелей эфирде отырған едім. Сол кезде эфирге әйгілі актер Ван Дамм қосылды. Желі қолданушылары оны бірден танып қалды. Жазылған пікірлерді оқып, абдырап қалғаным рас. Ол ағылшынша, мен орысша сөйлестім. Бірақ бір-бірімізді түсіне алмадық.

43 жастағы Елена екі баланың анасы. Тұңғышы қалада, екіншісі мектепке  оқиды. Оларды қатарынан қалдырмау үшін енді жеке кәсіппен айналыспақ.

Елена Басырева, ауыл тұрғыны:

- Арнайы курстан өтіп, бизнес жоспарымды сәтті қорғадым. 1 миллион 300 мың теңгенің қайтарымсыз грантын жеңіп алдым. Енді жылыжай бизнесімен айланысамын. Сәтін салса, көктемде өз кәсібімді бастаймын.

Биыл Елена армрестлингтен өткен облыстық сайыста екінші орын алған. Ендігі арманы жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айланысу. Осылайша, жігері жығылмаған жанның өмірге деген  құлшынысы көпке үлгі.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов