Түркістан облысындағы озық ойлы ұстаз

Түркістан облысының Келес ауданында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі еуропалық білімнің инновацияланған түрін ауыл балаларына үйретіп жатыр.

Гаухар Бахадырова - Испанияның Кадис қаласындағы «Erasmus Mundus» университетінің түлегі. Соңғы 4 жылдан бері Абай ауылындағы №2-ші мектеп гимназиясында ағылшын тілі пәнінен сабақ береді.

Гаухар Диханқызының сабақ беру тәсілі балаларды бірден баурап алды. Алдымен оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын оятып, бір-бірімен жарысып оқитын дәрежеге жеткізді. «Сабаққа ынтасы жоқ балалардың өзі Гаухар апайдың сабағын асыға күтеді» дейді шәкірттері.

Әнел Жақыпбек, оқушы:

- Методикасы басқаша, жаңа әдіспен оқытады. Қосымшалар да ойынмен өтеді. Өзімізді дамытумен, бірінші біздің апай сөздік қорға мән береді. Себебі ағылшында сөздік қор бірінші орында. Сол жағынан ерекше деп айта аламын.

Испанияда тәлім алған ұстаз ауыл мектебінен ағылшын тілін терең оқытатын үйірме ашты. Нәтижесінде 1 жылдың ішінде мектеп бітірген шәкірттерінің 80%-ы мемлекеттік грант иегері атанды. Білікті ұстазды әріптестерді де мақтан тұтады.

Райхан Табылдиева, мектеп директоры:

- Өзінің пәніне деген махаббатын оқушыларға бере алады. Тек оқушыларға ғана емес, әріптестеріне өз білімін бөлісіп, әдіс алмасып жатқан ұстаздың бірі. Бірнеше олимпиада, байқаулардан орын алып келіп жатыр оқушылары. Оқушылардың жетістігі - біздің Гаухар апайдың жетістігі.

Гаухар ағылшын тіліне хобби ретінде қарайтынын айтады. Сондықтан өз мамандығын сүйеді. Сабақты балаларға ерекше ықыласпен үйретеді. «Балаға бағыт беріп, қызықтыра білсең, ол сені таңғалдырудан жалықпайды. Мен сабақ бергенде білім беру дағдысына сүйенемін,-дейді.

Гаухар Бахадырова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Ол дағдылар - болашақта тұлға қалыптастыратын дағдылар. Ағылшын тілі сабғында болсын, математика болсын, басқа пәндер болсын, оқушыларға ең бірінші сыни тұрғыдан ойлану, аревтивті ойлану, таңдау, өзін-өзі оқыта алу, баланың қалыптасу тұрғысындағы дағдыларын ескере отырып, білім беру дағдысына жүгінемін.

«Заманауи білім беру жүйесінің негізгі міндеті – балаға тіл үйретіп қана қоймай, жан-жақты дамуына мүмкіндік жасау»,-дейді Гаухар. Сондықтан сабақта балалардың ойлау еркіндігі мен пікірін ашық жеткізуіне ерекше мән беріледі. Сонда ғана өзіндік пікірі бар тұлғалардың қалыптасатынын айтады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш