Петропавлда күн суыта көмірге сұраныс артты

Тұрғындар көбі тапсырысты қар жауған соң ғана бергендіктен, қазір сатып алу орындарында кезек.

Бұл жүк көліктерінің жарысы емес. Темір жол тұйығының қақпасы ашыла қалса жүргізушілер осылай жүйіткей жөнеледі. Бәрі көмір алуға келгендер. Алды таңсәріден күтіп тұр.   

Зарлықан Қиындин, қала тұрғыны:

- 07:30 кейбір кезде 07:00-де келеміз. Өзі жол жаман. Таңертең келдік. Міне, әлі жаңа түсіріп жатыр. Сағат 10:00 болды міне. Машинаны қыздырумен өзі отырмыз міне. Ондай болды. Күні бойы тұрып – тұрып, дәл жанына келгенде көмір бітті бұрылып алып үйге кетеміз.

Бұл Петропавлдағы ең ірі көмір сату орны. Қалалықтар сұранысқа ие Шұбаркөл сортын осы жерден ғана алады. Қазан айында теміржол тұйығына «Қатты отынның» 101 вагоны келіп түсті. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Мына жерден күніне 50 – 60, тіпті 100 – ге дейін жүк көлігі келіп көмір артып кетеді. Бірақ, ол бәріне бірдей жете бермейді. Мысалы, бүгін түнде келген 9 вагонда 600 тонна көмір бар.

Көмір толған тоғыз вагон кешке дейін жоқ болады. Сұраныстың артуына күннің суығы себеп. «Қысқа қамданып үлгермеген тұрғындар қар жауғанда бір-ақ қимылдайды», - дейді сатушылар.

Мұратхан Тұрмұхамбетов, көмір сату орнының менеджері:

- Қараша айына 83 вагон план бойынша. 83 вагон алып жатырмыз. Қазір енді осы 1 – 2 айда кішкене ажиотаж. Елдер енді ертерек алмай, жазда кішкене свободно болған. Қазір енді көбірек.

Бұл жыл сайын қайталанатын жағдай. Жалпы жер үйде тұратын солтүстікқазақстандықтар қыс бойы 420 мың тоннаға жуық көмір жағады. Әзірге оның жартысынан астамы алынған. 

Евгения Островская, энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Облыс бойынша 37 мың тонна көмір қоры бар. Оның 2 мың тоннаға жуығы Петропавлда. Сонымен қатар Министрлікпен қараша айына қосымша вагон қосу туралы келісімшарт жасалды.

Солтүстік Қазақстан облысы аумағында көмір сататын 32 орын бар. Оларға «қатты отын» күн сайын түседі», - дейді мамандар. Ал қыс болса келіп қалды. Өңірде соңғы күндері күн күрт суытып, қар жауды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов