Түркістан облысында жол апатына қатысты ерекше акция басталды

Түркістан облысында жол-көлік оқиғасына қатысты ерекше акция басталды.

Өңір полицейлері жол апатының алдын алу мақсатында сау тамтығы қалмаған көліктерді эвакуаторға тиеп, қала көшелерін аралап шықты. Республикалық маңызы бар жолдар да тыс қалған жоқ.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Мына көліктер жол апатына түсіп, жарамсыз болып қалған. Ауыр соққыдан тасқалқаны шыққаны көрініп-ақ тұр. Бұдан енді адамның аман қалуы мүмкін де емес. Сондықтан тәртіп сақшылары осы көліктерді жол бойымен алып өтіп, жүгенсіз жүргізушілерге ой салмақ ниетте. Мәселен тасымалдаушы мына көліктердің сыртында «қарама-қарсы бағытқа шықпаңыз. Бұл сіздің және өзгенің өміріне қауіпті» деген жазу бар. Осы арқылы көлік жүргізушілерін тәубеге келтіріп, тәртіп бұзбауға, жол ережесін сақтап жүруге шақырады.

Полиция қызметкерлері алдымен қала көшелерін аралады. Жай аралап қоймай, дауыс зорайтқыш құралдар арқылы жол апаты туралы деректерді жеткізді. Жылдамдықты асыру мен жол ережесін сақтамаудың салдары өте ауыр болатынын түсіндірді. Тәртіп сақшыларының тың идеясы тұрғындар мен жүргізушілерге ерекше әсер етті.

Низамиддин Шарапов, көлік жүргізуші:

- Тәртіпке бағынбай қатты жүріп жатыр. Белгіден өтіп кетіп жатыр. Басқа да жағдайлар болып жатыр. Сол үшін жәй жүріп, тәртіпке бағыну керек қой. Жол көлік апатына түскен мына көліктердің жүргізушілерге ой салып жатыр.

Бижан Бекбергенов, қала тұрғыны:

- Өз көзіммен көріп тұрмын қазір, қорқынышты. Адам тірі қалуы мүмкін емес. Сондықтан баурыларым барлықтарыңызға амандық тілеймін. Қай жерге барғанда да асықпай жүріп, аман-есен жетулеріңізге тілектеспін.

Елімізде жол-көлік оқиғасы күрделі мәселеге айналып отыр. Соның салдарынан бейбіт күнде жол үстінде қаншама адам жарақат алып, көз жұмуда. Имамдар да көлік апатынан қайтыс болатындардың көп екенін айтады.

Таңат Секебай, облыстың бас имамының көмекшісі:

- Құрметті ағайын, бауырлар жол апатынан сақтану керек, жылдамдықты асырмау керек. Міне біз көріп, жан түршігіп, қатты жүрген көліктердің салдарынан сонша адамның қаза болғанының куәсі болып жатырмыз. Қанша жиын, жаназаларда боламыз. Жол апатынан сақтануға барынша тырысайық.

Түркістан облысының полицейлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін күнделікті рейдтік іс-шаралар өткізеді. Бірақ соған қарамастан сақтық шараларын ескермей, жылдамдықты асыратын жүгенсіз жүргізушілердің көп. Жыл басынан бері өңірдегі жол апатының 70 пайызы жылдамдықты асырудың салдарынан болған.

Асылхан Төреханов, ПД жергілікті полиция қызметінің басқарма бастығы:

- Жол көлік оқиғалары былтырғы жылмен салыстырғанда 628-ден 636-ға өсті 4,1 пайызға. Оның ішінде қаза тапқандар 273-тен 240-қа 10 пайызға төмендеп отыр. Есесіне дене жарақат алғандар 702-ден 775-ке өсіп, 10,4 пайызды құрады.

Жалпы жыл басынан облыстағы жолдарға 3 376 рет тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 4566 жол белгілері орнатылды. Тозығы жеткен 1 200 жол белгісі жаңартылды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов