Жамбыл облысының тұрғындарына ауданға баратын жол керек

Жамбыл облысының Талас ауданының тұрғындары аудан орталығы апаратын жолға зәру.

Есейхан ауылының халқы орталыққа жету үшін Қаратау тауын асып өтетін жолмен жүреді. Бірақ тау басындағы асфальтсыз жолмен жүру аса қауіпті. Әрі қысы қатты аймақта жол жиі жабылады.

Тұрарбек ақсақалдың жасы 90-ға таяп қалды. Көнекөз қария Есейхан ауылы мен Қаратау қаласын байланыстыратын жол 50 жыл бұрын сүріліп, шағалтас төселгенін айтады. Бірақ жотадағы жолға әлі күнге асфальт салынбаған.

Тұрарбек Торланбаев, Есейхан ауылының тұрғыны:

- Бұл екі араға автобус та қатынамайды. Тек қана жеке машиналары бар солар жүреді. Олардың өзі күнара (дөңгелектері) жарылып жатады жолдың үстінде. Құм төсейді, не қылады, жауын қатты болады да жаңағының бәрін шайып кетеді. Екі қабат әйелдерді Қаратауға жеткізе алмай қанғанбыз. Борандар болған сондай.

Мерей Бает, тілші:

- Тау етегіндегі Есейхан ауылы аудан орталығынан небәрі 25 шақырым жерде орналасқан. Бірақ мұндағы бұқараның орталыққа баруы бір мұң. Алдымен арада жатқан биіктігі 350 метрлік тауға көтеріліп, кейін ойлы қырлы мынадай жолмен жүреді. Жазды күні мейлі, ал қыста қалың қар түссе байлассыз қаламыз, -  дейді  тұрғындар.

Шатқалғады шағын ауылда 250-дей түтін бар. Ауылдықтар қажетті құжатын, зейнетақысын ауданнан алады. Орталық жақын болғанымен, құзды тұстары бар апарар жол аса қауіпті.

Нұрғали Жүсіпұлы, Есейхан ауылының тұрғыны:

- Аурухана да қиын, баратын жұмыстар да. Енді халық болған соң аудан орталығына барамыз жұмыстарымыз бар. Осы екі ортамыз бізді қатты қажытып жүр қинап жүр. Айтып отырмыз ғой 71 жылы салынды. Одан бері бірде-бір күрделі жөндеу көрмеген бұл жол.

Аудан билігі бұл мәселеден хабардар. Жол салу үшін 2021 жылы жобалық сметалық құжат жасаған. Бірақ тау үстіне асфальт салу үшін 450 миллион теңге қажет. Ауқымды қаражатты аудан бюджеті көтермеген соң жоба кейінге қалған.

Жайықбай Шалдаров, Талас ауданы әкімінің орынбасары:

- Облыстық бюджетке біз 50 де 50 бағдарламасымен өтініш беріп қойғанбыз. Енді өзіміз ойлаймыз 2024 жылы осы облыстық бюджеттен қаражат бөлініп жатқан жағдай болса, оны іске асырып таулы аймақтағы елді мекендеріміздің, тұрғындарының көптен күтіп жүрген мәселесі шешіледі деп ойлаймыз.

Жергілікті билік қайта жобалық сметалық құжаттаманы әзірлеген. Енді мәселінің шешілуі келер жылы бөлінетін қаржыға байланысты болып тұр. 

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев