Петропавлда өрт сөндіру депосы салынып жатыр

Петропавлда келер жылы жаңа өрт сөндіру депосы қолданысқа беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір оның құрылысы жүріп жатыр. Жоба жүзеге асса, тағы 100-ге жуық адам жұмысқа тартылып, құтқарушылардың материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нысанды тұрғызу үшін ел қазынасынан 2 миллиардқа жуық теңге бағытталды.   

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Береке – Петропавл қаласында соңғы жылдары жақсы қарқынмен дамып келе жатқан шағын аудандардың бірі. Себебі мұнда көпқабатты тұрғын үйлерден бөлек, әлеуметтік нысандар да жаппай бой көтеріп жатыр. Сондықтан да жауапты мамандар нақ осы ауданда өрт сөндіру депосын салу қажет болғандығын айтады.

Нысанның қазығы былтыр күзде қағылды. Қазір мұнда әзірге 20 адам жұмыс істеп жатыр. Соңғы кездері құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жоба қайта есептеледі.

Андрей Капустин, мердігер:

- 2020 жылы кешеннің жалпы құны 1,1 миллиард теңгеге бағаланған. Қазір құжаттарға түзетулер енгізіліп жатыр. Жыл соңына дейін ол мемлекеттік сараптамадан өтеді. Сәйкесінше содан кейін құрылысшылардың санын екі есе арттырамыз. Бүгінгі күні біз жұмыстың жартысын аяқтадық.

Жаңадан құрылған Береке ауданында 27 мың адам тұрады. 1700-ден астам үй бар. Мектеп, емхана, спорт нысаны салынып жатыр. Мұнымен қоса 7 мұнай базасы осында орналасқан. Сондықтан бұл жобаның маңызы зор.

Николай Белоусов, ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары:

- Өрт сөндіру депосы 4 көлікке арналған. Ол біздің облыста соңғы 30 жылда салынып жатқан алғашқы кешен. Заман талабына сай құралдармен жабдықталады. Яғни, нысанның аумағында мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдайтын арнайы спорт алаңы, тіпті жатақхана да болады. Нысан келер жылдың күзінде пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында 27 өрт сөндіру бөлімі бар. Оның тек алтауы соңғы үлгідегі талаптарға сай. Ал қалғаны бейімделмеген ғимараттарда орналасқан.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.