Шетелдік БАҚ түркілердің саммитіне назар аударды

Түркі Мемлекеттері Ұйымы саммитінің Қазақстанда өтуі әлемдік Бұқаралық ақпарат құралдарының да назарын аударды.

Журналистер мен сарапшылар қауымы биылғы басқосудың маңыздылығына жан-жақты тоқталған.

Биыл Түркі Мемлекеттері Ұйымы көшбасшыларының Астанада бас қосуы тарихи маңызға ие. Себебі Қазақстан Түркі халықтарының тарихи мекені, дейді шетелдік БАҚ өкілдері. Халықаралық AKIpress басылымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саммитте сөйлеген сөзін басшылыққа ала отырып, шараның жоғары маңызға ие екенін жазады.

"Түркі мемлекеттері ұйымы жаһандық мәселелер аясында маңызды істерді атқарып келеді. Әуелде түрік кеңесі болып құрылып, кейін үлкен ұйымға айналды. "Түрік әлемінің келешегі - 2040" құжатының қабылдануы да болашаққа жасалған маңызды қадамның бірі."

AKIpress

Биылғы саммитте экономика, инвестиция, кеден, көлік, білім, туризм және ақпарат саласындағы бірқатар  мәселе талқыланады. Жиын соңында Аста­на актісі мен Астана саммиті декларация­сына қол қойылды. Түрік кеңесі бас хатшысының орынбасары Омер Коджаман "Анадолы Эджэнси" басылымына берген сұхбатында бұл құжаттар ұйымның алдағы жұмысына тың серпін беретінін жеткізді.

"Мемлекет басшылары ынтымақтастықты  нығайту жөнінде маңызды шешім шығарып, елеулі тапсырмалар береді. Бұл саммитте ынтымақтастықтың жаңа бағыттары құрылады". 

Омер Коджаман, Түрік кеңесі бас хатшысының орынбасары

Anadolu Agency

Түркі халықтарына ортақ мүдде - стратегиялық салалардағы берік және тұрақты ынтымақтастық. Осы орайда ұйымға мүше әр мемлекеттің түйткілді мәселелерді шешуде әлеуеті зор дейді, халықаралық BNN Breaking басылымы. 

Фариза Жанғанаева