Қызылорда облысында «Зымыран-2023» командалық-штабтық жаттығуы өтті

Қызылорда облысында «Зымыран-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. 

Диірментөбе ауылы маңында ракета ұшыру кезінде болуы мүмкін апат салдарын жедел жою тәсілдері пысықталды.  Шараны жергілікті билік пен азаматтық қорғаныс және күштік құрылымдар бірлесе өткізді.

Облыс аумағында зымыран апаты соңғы рет 2013 жылдың 2 шілдесінде болды. Протон зымырантасығышы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшу кезінде сол төңірекке қайта құлады. 

Жалпы Байқоңырдан 1957 жылдан бері 1700-дей ұшырылым жасалып, сан мәрте апатты жағдай туындаған. Сондықтан оқу-жаттығу жиындарының ұйымдастырылуы аймақ тұрғындары үшін өте маңызды.  

Қаһарман Оразалин, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің департамент басшысы:

- Оқу-жаттығуға Ресей Федерациясы Төтенше жағдай министрлігінің өкілдері мен Роскосмос бөлімшелерінің мамандары қатыстырылды. Теориялық және практикалық бөлікте біз өзара іс-қимыл алгоритмін сынап көрдік. Құтқарушылар мен күштік құрылымдардан бөлек еріктілер жасағының да мүмкіндіктерін байқап көрдік.

Оқу-жаттығу жиынына түрлі құрылымнан 300-дей маман мен 70 шақты арнайы техника жұмылдырылды. Диірментөбелік тұрғындарына медициналық қызмет көрсетілгненнен кейін, Жосалы кентіндегі мектепке орналастырылды. Өрт сөндірушілер жедел қимылдап,  айналаны шарпыған зымыранның жалынын бекітілген уақытта өшірді.   

Қамбар Бекенов, тілші:

- Байқоңыр ғарыш айлағының Ресейге жалға берілген 1994 жылдан бері 8 зымыран апатқа ұшыраған. Соның үшеуі Қызылорда облысы аумағына құлап, қоршаған ортаға едәуір зиян келтірілді. Сол себепті гептилмен ұшатын протондардың көкке самғауына тыйым салынған еді. Қазір ол ғарыштық айналымға қайта еніп отыр.   

Амангелді Бекіш, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі аэроғарыш комитетінің басқарма басшысы:

- Соңғы Протон зымыранының сәтсіз ұшырылымын зерттеп, негізгі себептерін тапқаннан кейін ұшулар қайта жалғасып жатыр. Оқу-жаттығуда халықты құлақтандыру және байланыс жүйелерінің әзірлігі, жедел кезекшілік ұйымдастыру, диспетчерлік қызметтердің жұмысы, материалдық-техникалық, азық-түлік және медициналық резерв қорын тексеруге баса мән бердік. 

Жыл басынан бері Байқоңырдан 7 зымыран ұшырылған. Оның екеуі Протон. Алдағы желтоқсанда тағы 3 ұшырылым жоспарланып отыр. 

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев