СҚО-да 500-ден аса отбасының үйіне өртке қарсы дабыл қондырғысы орнатылды

Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік жағдайы төмен 500-ден аса отбасының үйіне өртке қарсы дабыл қондырғысы орнатылды.

Қондырғы пештен түтін шықса болды, бірден белгі береді. Мамандардың айтуынша,  құрылғы қайғылы жағдайдың алдын алуға септігін тигізеді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Қаланың қақ ортасындағы халық арасында «Копай» деп аталып кеткен ықшам ауданда 100-ге жуық жер үй бар. Олардың басым бөлігі өткен ғасырдың орта тұсында салынған. Бір қызығы, бұл жақта көше атауы жоқ. Сондықтан өрт бола қалса, өрт сөндірушілер мекенжайды таппай әлекке түседі.

Осындай ескі үйлердің бірінде Ольга Касьяненко жалғыз тұрады. Зейнеткер қысқа дайын. Отын, көмірі алынған. Пеші сыланып, мұржасы тазаланған. Мамандар сонда да оның үйіне өртке қарсы датчик қойды.

Ольга Касьяненко, қала тұрғыны:

- Пешке өзім қараймын ғой, бірақ үй ішіндегі ескі сымнан қауіптенемін. Сондықтан өртке қарсы құрылғының болғаны дұрыс. Өйткені, көршілерімнің үйі содан жанып кетті.

Петропавлда жеке секторлы осындай 6 шағын аудан бар. Қыс алдында мамандар рейдтік шараларды күшейтіп, тұрғындардың пешін тексереді. Ал жағдайы жоқ, көпбалалы отбасылар мен жалғыз тұратын зейнеткерлерге осындай құрылғылар орнатып береді. 

Бекзат Сердалинов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері:

- Жер үйдің тұрғындары пешті ұйықтар алдында жағып жатады. Иіс газы сол кезде тараса өртке қарсы датчик дабыл қағады. Ал бұл олардың өмірін сақтап қалады.

Өртке қарсы датчиктер мемлекет есебінен тегін орнатылады. Жалпы, жыл басынан бері Петропавлда 100-ден аса өрт оқиғасы болған. «Көбіне жер үйлер жанды», - дейді мамандар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков