Жамбыл облысында 36 елді мекенді көгілдір отынға қосу үшін бюджеттен қаржы бөлінді

Биыл Жамбыл облысында 36 елді мекенді көгілдір отынға қосу үшін бюджеттен 12 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Құрылыс жұмыстары Талас ауданынының 3 ауылында қарқынды жүріп жатыр. Солардың бірі – Ақкөл ауылы.

Ақкөл ауылы 1997 жылға дейін Талас ауданының орталығы болды. Сол тұста халық саны 8 мыңға жуықтап, елді мекен қарқынды дамыды. Бірақ тоқырау жылдары тозып, проблемасы қордаланды.  Дегенмен, соңғы жылдардағы мемлекет қолдауынан соң ауы­л қайта түлей бастады. Жыл басында ірі  спорт кешені қолданысқа берілсе, былтыр 19 көшеге асфальт салынды.

Қанжан Әбдіұлы, Ақкөл ауылының тұрғыны:

- Енді оқушылардың қарым қатынауына, екі мектеп ауылдың екі шетінде. Содан балалардың жүріп тұрунына ыңғайлы болу үшін арнайы тротуар, үнемделген қаржы есебінен ауданның әкімшілігі қаржы бөлді.  Қазір сол жұмыстар атқарылып жатыр.

Биыл ауыл көгілдір отырға қосылады. Бұған дейін от жаққан қараша үшін бұл үлкен қуаныш. Бауыржан Әлімбетов 6 бөлмелі үйін жылыту үшін маусымында 6 тонна көмір алады. Бірақ биыл сатып алуға асығып отырған жоқ. Себебі мердігер компания желтоқсанға дейін газ желісін есік алдына жеткізуге уәде берген.

Бауыржан Әлімбетов, Ақкөл ауылының тұрғыны:

- Көмірдің бағасы қазір қымбат. Тоннасы Таразда 26 мың теңгеден. Оны алып келесің 25 мың теңге машинамен. Сонымен 150-200 мың теңгеге барады ғой. Ол мысалы қарапайым халыққа қиын. Көмір енді жылиды ғой бірақ әуресі көп оның. Отын түсіресің, оны жарасың қыстыгүні тасисың. Енді мынау газ келе жатыр дегенге сол бәріміз қауанып жатырмыз ауыл болып.

Ауыр техника газ желісін жүргізіп, жұмыстың 90 процентін аяқтады. Артынша үйді-үйге жалғайды. Бүгінде Талас ауданындағы 23 елді мекеннің 17-сі көгілдір газды пайдаланып отыр. Алдағы бірнеше жылда қалған ауылдар мәселесі шешіледі.

Жайықбай Шалдаров, Талас ауданы әкімінің орынбасары:

- Биылғы жылы Ақкөл Қызыләуіт ауылдарына газ жүргізіліп жатыр. Енді Қожағаппар Майтөбе ауылдарына ендігі жылға жоспарда бар. Ол АГРЭС мол жерден келіп отыр. Ендігі жылы газ жүргізілетін болса, содан кейінгі кезеңде біздің мынау таулы аймақ Қасқабұлақ Қараой Көктал ауылдарында газ жүретін болады.

Жамбыл облысында биыл 11 ауылға газ кірсе, келер жылы 25 елді мекен қосылады. Жауапты басқарма мамандары 2027-жылға дейін аймақтағы тұрғынның бәрі көгілдір отын пайдаланады, - деп сендірді.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев