Қырғыз халық жазушысы А. Рысқұлов 70 жасқа толды

Қырғызстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Акбар Рысқұлов биыл 70 жасқа толды.

Алматыға келген қоғам қайраткеріне Қазақстан Жазушылар одағы мен Түрксой Жазушылар одағы құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Мәдениет және ақпарат министрлігінің құттықтауын жеткізді.

Акбар Рысқұловтың «Көгершіндер биікке ұшады» деп аталатын алғашқы жыр жинағы 1975 жылы шыққан. Одан кейін «Мезгіл жебесі», «Күре тамыр» кітаптары жарық көрді. Оның шығармалары қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз сияқты бірнеше тілге аударылған. Қаламгер қырғыз бен қазақ мемлекетінің ынтымақтастығын арттыруға зор еңбек сіңірді. 1990 жылдардың орта тұсында Қазақстанда елшілікте қызмет атқарды. Мәдениет саласына қосқан үлесі үшін Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атанған. Алматыға жиналған қазақ ақын-жазушылары Акбар Рысқұловтың мерейтойына арнап бильярдтан турнир өткізді. 

Акбар Рысқұлов, Қырғызстанның халық жазушысы:

- Мен бас-аяғы 7 жыл елші болдым. Менің өмірімдегі ең жарқын жылдар болды. «Көш» деген бұрынырақ шыққан. «Астана аспаны» деген кітабым. Сол Астананы ырға салған, жырға салған мен деп ойлаймын. Бір кездері жас ақын болғамбыз. Қазір, міне, 70-ке келдің дейді. Жарайды, келісейік. Бұдан ары қарай да бірге боламыз деп ойлаймын.  

Сәдібек Түгел, жазушы:

- Қырғыз елінің мақтанышы, қазақ елінің мақтанышы Қырғыз халық жазушысы Қырғыз мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бұл кісінің Қазақстанға сіңірген еңбегі өте зор. Біріншіден, елордамыз қарт Алатаудың баурайынан қазақтың жазира даласы Сарыарқаға ауысқанда алғашқы болып қырғыз елшісі келді. Соны алып келген Акбар Рысқұлов болатын.