Шымкентте 500-ге жуық адам мемлекеттік грант алды

Биыл 500-ге жуық Шымкент тұрғыны кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік грант алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірі шағын шеберхана ашып, құрылыс материалдарын өндірсе, кейбірі ұлттық нақыштағы шапандар және асыл тастармен безендірілген қамзолдар тігеді. Шеберханадағы тынымсыз тірлікпен тілшіміз Нұрсұлтан Мұхамеджан танысты.  

Мөлдір Берікбаева – тігін шеберханасының иесі. Ол «Бастау Бизнес» жобасы арқылы қайтарымсыз қаржыға қажетті қондырғылар сатып алды. Содан ұлттық нақыштағы киім-кешек тігуді ұйғарды. Қыз жасауын жасап, құрақ құрайды. Тапсырыстың үдесінен шығу үшін өзі сияқты ісмер қос келіншекті жұмыспен қамтыды.

Мөлдір Берікбаева, кәсіпкер:

- Аяқ машинасы, қол машинасы болған. Сол кезде үй шаруасын да жасап, балаға да қарап үлгеріп, ата-енемнің қас-қабығына да қарап үлгеріп, осы құрақтан тігіп бастаған едім. Кейінгі алған машиналарым заманауи болды. Мысалы үшін, әрқайсысы әртүрлі операция орындайды. Сәйкесінше қол еңбегін жеңілдетті.

Өнерімен өрнек салған тігіншілер байырғы қамзолды бүгінгі талғампаз тұтынушыға заманауи үлгіде таныстырып келеді. Айтуларынша, асыл тастармен безендірілген шапандар мен қыздардың қол сөмкесі жоғары сұранысқа ие. Сонымен бірге этно стильдегі өнімдер түрлі сән апталығында ұсынылады.  

Айгүл Айтымбетова, тігінші:

- Көп сұраныста шапандар келіп жатыр қазақи нақышта. Той-томалаққа киіп жатыр қазір. Құрағы ерекше болсын деп тапсырыс береді көбі. Әр сұранысқа ізденіс жасап жатырмыз. Жұмыс жүріп жатыр. Тігіп жатқан шапандардың көбін көшеге де киюге болады.

6 баланың әкесі Ердібек Сейітов те мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезініп отыр. Құрылыс саласында 15 жылдық тәжірибесі бар маман шағын шеберхана ашып, пенопластан термопанель өндіреді.

Ердібек Сейітов, кәсіпкер:

- Бұл 2/1 деп аталады аты. Сыламай, дуалы түзу болса, бірден «шлакаблогтың» сыртынан қаптап, үйінің сырты бітіп қалады. Әрі жылулық жағынан 30% эконом. Әрі сәнді болады. Тапсырыс берушілер көп. Алдағы уақытта осының 3Д түрлері шығып жатыр. Сондайдан шығарсақ па дейміз.

Биыл Шымкентте «Бастау бизнес» бағдарламасына қатысуға 8 мыңға жуық өтініш түсті. Комиссия 452 адамның жобасын қаржыландыруға шешім қабылдады. 1 миллион 380 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, көпбалалы отбасы мүшелеріне және ерекше күтімді қажет ететін балаларды асыраушыларға берілді.

Балмаржан Нарбекова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:

- Басым жобалар бұл үйде отырып, баламен қосып, кәсіп дөңгелетсек деген ниеттері бар. Сондықтан үйде отырып, нан өнімдерін жасайды, одан кейін тігін бар осындай өнімдерге көбірек басымдық беріледі. Ал ер азаматтарымыз көшетті көбейту, мал бағып сүт өнімдерімен айналысу сияқты жобалар көп.

Ал өзін өзі жұмыспен қамтып, кәсіп ашуға ниетті жастарға жеңілдетілген пайызбен 5 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Биыл бұл мақсатқа 1 миллиард 300 миллион теңге бөлініп отыр. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.