Мәжіліс отырысында жүргізуші куәлігін беруді қатаңдату ұсынылды

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында сыбайлас жемқорлыққа жол беріліп жатыр.

Көлік жүргізушілері куәлікті сатып алып, көшелерде емін-еркін автокөлік тізгіндеп жүр. Мәжіліс отырысында депутат Наурыз Сайлаубай осындай мәселе көтеріп, Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдады. Айтуынша, соңғы үш жылда жол-көлік оқиғалары 6 пайызға өскен. Ал мұндай апаттардың 87 проценті -  жүргізушілердің кінәсі. Мәселен Шығыс Қазақстан облысында,, денсаулығына байланысты көлік жүргізуге тыйым салынған 6 адамның жүргізуші құжатын заңсыз алғаны анықталған. Бұл ретте Мәжілісмен Әлихан Смайыловтан теориялық тестілеудің сұрақтары мен жауаптарының сәйкестігін тексеріп, практикалық емтиханның әділ жүргізілуін бақылауға алуды сұрады. Сондай-ақ үміткер емтиханның шешімімен келіспеген жағдайда, апелляциялық шағымдану немесе өз нұсқасын дәлелдеуге мүмкіндік беру жолдарын қарастыруды ұсынды.

Наурыз Сайлаубай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ел аузында жүрген сөздерге сенсек, қазір Астанада жүргізуші куәлігінің бағасы 280-300 мың теңгенің айналасында пара бересіз. Осыдан 4-5 жыл бұрын 60-80 мыңға  жуық болған. Бұл дегеніміз «Көлік жүргізушілеріне арналған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарының жағдайды реттеуге қабілетінің жетпей жатқанын көрсетпей ме?» деген сұрақ туындайды. Осы ретте сізден теориялық емтиханды, яғни тест сұрақтары мен жауаптарының сәйкестігін тексеріп, ал практикалық емтиханның әділ жүргізілуін қадағалауға алуды сұраймыз.