Елордада қала келбетін қашырған заңсыз жарнамалар жойылып жатыр

Астана әкімдігі қала ішінде ілінген заңсыз жарнамалармен күресіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басты себеп – олардың талапқа сәйкес келмеуі. Жыл басынан бері Елордада 6 мыңнан астам маңдайша мен жарнама баннері алынып тасталған. Бірақ соған қарамастан бұл заңсыздық толастамай тұр. Неге?

Астаналық Әсем Дайырова 2 ай бұрын дүкен ашып, жеке кәсібін дөңгелете бастайды. Дүкеннің жабдығынан бөлек, жарнамасына да қыруар қаржы жұмсайды. Алайда маңдайша жазу маңдайға тиген сор болды. Дүкен жарнамасы талап үдесінен шықпай, қып-қызыл шығынға баттым дейді. 

Әсем Дайырова, кәсіпкер:

- Қазан айының ортасында бұл маңдайшаны әкімдіктен келіп, шешіп тастады. Ескертусіз. Енді бұл бізге қиындық тудырып отыр. Себебі мұндағы тұрып жатқан адамдар не сатып жатқанымызды білмейді. Оның үстіне біз бұл жерді жалға алып отырмыз.

Аида Нұрманова сияқты осындай жағдайға тап болған мыңдаған кәсіпкер бар. Айталық, 2019 жылдың желтоқсан айында Астана қалалық мәслихатымен қаладағы жарнаманың бірыңғай стандарты бекітілген. Жыл басынан бері осы талапқа сәйкес келмеген алты мыңнан астам маңдайша алынып тасталды.

Қуандық Танабас, тілші:

- Елорданың сәулеттік сәнін бұзбау үшін жарнама орналастыруда ортақ талап бар. Оны дизайн-код деп атайды. Яғни, маңдайша жазулар мен баннерлердің өлшемі, түр-түсі осы тұжырымдамаға сәйкес болуы шарт. Бұл – қала келбетін сақтауға бағытталған шаралардың бірі.

Көше жарнамасын орналастыруға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуді тікелей Президенттің өзі тапсырды. Қала келбетін дизайн-код бойынша ретке келтіру жұмысы қарқынды жүріп, жыл басынан бері 6 мыңнан астам маңдайша алынып тасталды. Алайда бұл жұмыстардың асығыс жүргізіліп, бизнес өкілдеріне орасан шығын келтіріп отырғаны Кәсіпкерлер қауымдастығын алаңдатып отыр.

Бейсен Жолболдиев, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Біз мақтан тұтамыз Астанада кәсіпкерлердің үлесі 76%-ке жетті деп. Бұл – үлкен көрсеткіш. 65% белсенді азаматтар бизнесте жұмыс жасайды. Яғни, жұмыс орындарын құрып отыр. 50%-тен астам салықтарды қамтамасыз етіп отыр. Маңдайшалар, дизайн-кодтардың барлығын қолдаймыз. Бірақ оның барлығы заң жүзінде болуы керек. Бизнесті рекетир сияқты емес, барып сындырып, жоюда емес, оларға ақыл айтып, мерзім берсе, олар жұмыс жасауға дайын.

Осы бағыттағы жауапты міндет «Астана-Жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелген. Қазіргі уақытта ғимараттардың немесе құрылыстардың қасбетіне маңдайшаларды орналастыру тұжырымдамасы әзірленген. Онда бизнес өкілдеріне елорданың сәулеттік сәнін бір стильге келтірудің үлгісі көрсетілген.

Ғани Исаев, «Астана-Жарнама» КММ инспекторы:

- Әр кәсіпкерге оның көрнекі жарнамасы дұрыс орнатылмаса, фасадты бұзып жатса, егер де сол кондаминимумға жататын ортақ мүлікті бұзып жататын болса, кәсіпкерге 15 күн бұрын ескерту беріледі. Егер эскизі қандай болу керек, қалай жасау керек деген сұрақтары болса, онда осы Астана-Жарнама мекемесіне осында барлығын айтып түсіндіреді.

Кәсіпкерлер бұл бағытта нақты ақпараттың жоқтығын айтып отыр. Өйткені  маңдайша жазуға рұқсат алу үшін талай табалдырық тоздырасың дейді. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бұл мәселені қалалық мәслихаттың қарауына қайта ұсынып, арнайы комиссия құруды жоспарлап отыр.