Байқоңырлық кәсіпкерлер жанама салықтан босатылады

Байқоңырлық кәсіпкерлер жанама салықтан құтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалашықтағы мыңға жуық кәсіпкерлік құрылымы Ресейдің салық органдарына тіркелген. Ал Қазақстан азаматтарының шетелдік резидент ретінде әкелген тауары экспорт саналып, ұлғайтылған салық төлеуге мәжбүр болды. Бұл мәселе сан мәрте көтеріліп, Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссияның 8-ші отырысында шешімін тапты. Салық заңнамаларына өзгеріс енгізу жөнінде екіжақты келісім жасалды.

Байқоңыр Еуразиялық экономикалық одақ және кедендік одақ аясына кіргенімен, ғарыш айлағындағы құқықтық мәселелер тек үкіметаралық комиссия шеңберінде қаралады. Азық-түлік сататын 2 дүкен ашқан Сейіл Жұмадияров салықтық жеңілдікті ұзақ күттік дейді. Тауарды Қазақстаннан таситын кәсіпкер қос валюталық аймақта сауда-саттықпен айналысу қиынға түсетінін айтады.  

Сейіл Жұмадияров, кәсіпкер:

- Біз оны Қазақстаннан теңгеге аламыз. Алып келіп, приходтап, сатып, рубльге ауыстырамыз. Сол кезде тиімсіз. Қала жабық болғасын, сырттан инвестиция кіргісі келмейді. Себебі Қазақстаннан өз ақшасын әкелетін болса, Ресейдің заңымен қос стандарт дейді де қорқады. Тиімсіз ол. Кім болмайтын нәрсеге ақшасын тіккісі келеді. Салмайды, әрине.

Кәсіпкердің айтуынша, жергілікті салық органдарында қағазбастылық көп. Қазақстандағыдай цифрлық қызмет көрсетілмейді. Байқоңырдағы отандық кәсіпкерлер салықты Ресейге төлейді. Бірақ оларға жеке ғимарат салуға жер бөлінбейді, құрылыс бастауға рұқсат жоқ. Коммуналдық төлемдер рубльге шаққанда қымбат.

Сейіл Жұмадияров, кәсіпкер:

- Космос саласындағы үлкен ғимараттар бар бүгінгі таңда жұмыс жасамай тұрған. Соны Қазақстанға өткізіп жатыр. Соны кәсіпкерлерге тендерлік негізде немесе басқа заңға сыйыстырып, ғимараттарды бізге беретін болса, тіпті керемет болар еді. Қаланың көркеюіне, жұмыс орнының көбеюіне де және көңіл күйімізге жақсы болар еді. Себебі қаланы қазір қамтамасыз етіп отырған – тек қана кәсіпкерлер.  

50 мыңнан астам тұрғын қоныстанған Байқоңырда мыңға жетер-жетпес кәсіпкерлік құрылым бар. Ал іргедегі 15 мыңдай халқы бар Төретам мен Ақай ауылында мың жарымдай кәсіпкерлік субьектісі тіркелген. Бұл жабық қалада мүмкіндіктер шектеулі екендігін көрсетеді.

Қайрат Нұртай, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі

- Халық та, осы Ресей азаматтары да қалада тұратын осы Қармақшы ауданының Төретам кентіне барып, азық-түлік алады күнделікті. Сол себепті екі жақтан да Ресей тарапындағы әріптестеріміз де түсіністікпен қарап, сол келісімге өзгеріс енгізу бойынша жұмысты бастап қол қойдық. Ұлттық экономика министрлігі және Ресей Федерациясының Қаржы министрлігі өзара келіссөздер жүргізіп, күнделікті азық-түлік тауарын құрығанда 30%-ке арзандайтыны түсінікті. Әрі қарай кәсіпкерлік дами бастайды, жаңа жұмыс орындары ашылды.

Тимур Вербицкий, Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Қаржы-валюта нарығын реттеу, кәсіпкерлікті дамытуға несиелік ұйымдарды кіргізу және ішкі миграциялық мәселелерді шешуге біз де мүдделіміз. Ұзақ талқылау процестеріне қарамастан біз ортақ келісімге келдік. Байқоңырлықтардың барлығына бірде жағдай жасау басты міндетіміз болып саналады.

Байқоңырда кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту үшін арнайы экономикалық аймақ құру идеясы айтылып келеді. Қазақстандық тарап жобаның негізгі бағыттарын айқындап, үкіметаралық комиссияның келесі отырысына ұсынып қойды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.