Көкшетауда 8 жылға созылған саябақ құрылысы қашан аяқталады?

Көкшетауда 8 жыл бұрын басталған саябақ құрылысы әлі аяқталмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоба қайта қаралып жатқандықтан жұмыс тоқтап тұр. Демалыс орнын салуға 800 миллионнан астам теңге бөлінген. Сонымен саябақ қашан қолданысқа беріледі? 

Абзал Балтабаев, тілші:

- «Алаш арыстары» деп аталатын саябақтың жалпы аумағы 24 гектарды құрайды. 8 жыл бұрын басталған құрылыс алаңының қазіргі жай-күйі осындай. Тас төсеніштері қопарылып, егілген көшеттер толығымен қурап қалған.

Саябақтағы көрініске куә болып, жөнделіп жатыр деп айту қиын. Бұл жерде тілдесетін тірі жан таппадық. Қараусыз қалған құрылыс алаңы қоқысқа толы. Аумағында салынған тұрмыстық спорттық кешеннің қабырғасы қопсып жатыр.

Мейрам Оразбаев, мердігер:

- Қандай жұмыстар істеледі? Мысалы, егілген ағаштардың ішінде қурап қалғандары бар солар қайта егіледі. Сосын жаңа бір жерде «брусчаткалардың» шеттері сынған болуы мүмкін, өйткені ол 6-7 жыл салынып жатқан обьект қой. Оны бәрін дұрыстап тапсырылатын кезде өзіміздің мердігердің есебінен жүргізіледі.

Алғашында бұл жерде аквапарк салынуы тиіс еді. Кейін жоба қайтар қаралып, демалыс саябағы болып өзгертілді. Осы уақытқа дейін жобаға 3 рет түзету енгізілді. Салдарынан құны қымбаттап, құрылысы тұралап қалған.

Самира Тәйтенова, «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалының сарапшысы:

- Сома бойынша да сұрақтар бар. Мысалға, бастапқы сомма 500 миллионнан басталса, бүгінгі таңда  830 миллион қаражат игерілді. Сапа бойынша да сұрақтар бар және де тапсырыс беруші Көкшетау қаласының құрылыс бөлімінің тиісті қадағалау болмайтынына және қоғамдық пікірді ескере алмайтындығына байланысты бізден тиісті хаттамалар мен хаттар жіберілген.

Берік Сайдалин, құрылыс бөлімі басшысының м.а.:

- Қазір жұмыстың 95% орындалды. Осы жылғы жобаның түзетуін қала әкімі мақұлдаған жоқ. Себебі бағасы 2 млрд теңгелен асып кетті. Сол себепті қазіргі жоба бойынша жұмыстар жалғаса береді.

Мердігер құрылыс жұмыстарын көктемде қайта жандандырамыз деп сендірді. Себебі қыс жақындап қалды. Осылайша, 8 жыл бойы салынып келе жатқан саябақ келер жылдың маусымында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко.