Балалардың ойлау қабілеті кеш дамып жатыр

Балалардың ойлау қабілеті кеш дамып жатыр.

Психиатр мамандар осылай деп дабыл қағуда. Гаджетке телмірген баланың мінез-құлқында ауытқу пайда болатынын айтады.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

Техника мен технологияның қарыштап дамыған заманында өмірімізді ұялы телефонсыз елестету қиын. Сымсыз құрылғы кез-келген уақытта бізді әлемнің әр нүктесімен байланыстыра алады. Алайда оның пайдасы мен зияны қатар жүретіні жасырын емес.

Диас қазір 10 жаста. Алғашқы телефонды ата-анасы 8 жасында сыйлағанын айтады. Содан бері ол байланыс құралын қасынан бірелі тастамайды. Түрлі мультфильмдер көріп, ойын ойнайды. Сөйте тұра гаджеттің денсаулығына қаншалықты зиян екенін біліп отыр.

Диас Рамазан, оқушы:

- Телефон біздің көзімізге өте зиянын тигізеді. Сонымен қатар қажетсіз бірдеңе қарайтын болсақ, ол біздің ойымызға кері әсер етеді. Сондықтан, қазір телефонды белгілі бір уақытта ғана қарайтын болдым.

Диастың үлкен әпкесі оның 5 жасқа дейін смартфонға қызықпағанын айтып отыр. Соңғы кезде телефонға телміруі жиілеген. Оқу үлгеріміне де кері әсерін тигізуі мүмкін еді. Сондықтан гаджетке қарайтын уақытты өзіміз белгілейміз дейді.

Айдана Рамазан, қала тұрғыны:

- Диас сабақтан келгенде сабағын оқып, телефонда отырады. Расын айтсам бір-екі сағат қана отырады деп ата алмаймын. Болады 3-4 сағат отырады. Балалардың ерте жастан гаджетке тәуелді болғаны мені өте алаңдатады.

Бүгінгінің жасын да, жасамысын да ұялы телефонсыз елестету қиындап барады. Көз дәрігерлерінің айтуынша қазір балалардың 60 пайызының көру қабілеті нашарлаған. Ал психиатрлар гаджеттің баланың санасына кері әсер ететінін айтып дабыл қағып отыр.

Марина Вихновская, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас психиатры:

- Гаджеттер кішкентай балалардың ойлау қабілетін тежейді. Бұл ресми дәлелденген факт. Қазір көп ата-ана баласы жыламас үшін телефон беріп қояды. Ол жарты күн бойы смартфонға телміріп отырады. Салдарынан баланың интеллектуалдық ойлау, есте сақтау қабілеті бұзылады. Яғни психикалық дамуы кешеуілдейді. Әр ата-ана баласына көп көңіл бөліп, әңгімелесіп, қызықты ойындар ойнап тұруы керек. Гаджеттерді бүлдіршіндердің өмірінен азайтуымыз қажет.

Көздің нашарлауы, ашушаңдық, семіздік, психикалық ауытқу, гаджеттердің зиянын ары қарай тізбектей беруге болады. Алысты жақындатып, жанымыздағы жақынымызды алшақтатып, виртуалды әлемге тартып барады. Әлемдік ғалымдардың зерттеуі көңіл көншітпейді. Телефонды тәулігіне 4 сағаттан артық қолданатын балалардың бойында аутизмге ұқсас белгілер пайда болады екен.

Айнұр Қуатқызы Руслан Әлиев, Мейрам Жүнісов