Қостанай жұртшылығына қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы таныстырылды

Құжат жұмыс орнындағы оқыс оқиғалардың алдын алуды көздейді.

Өңірге жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Президент Жолдауында айтылған тапсырманың орындалу барысын түсіндірді. Светлана Жақыпованың айтуынша, жаңа тұжырымдама жылдың соңына дейін қабылданады. Оның аясында зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға арнайы әлеуметтік төлемақы қарастырылады. Министр кәсіпорын ұжымымен кездескеннен кейін азаматтарды жеке қабылдады.   

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Бұл тұжырымдама кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігін бағалау тәртібін өзгертуді көздейді. Яғни, әр жұмыс орнындағы тәуекелдерге назар аударылады. Жұмыс беруші мен еңбек инспекциясына тәуекелі жоғары аумақтарға мән беріп, тиісті шараларды қабылдауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін, жасы 55-тен асқан азаматтарға арнайы төлем енгізу қарастырылған.