Тұрмыстық зорлық-зомбылық. 4,5 жылда 800 әйел құрбан болды

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұматындардың қатары азаймай тұр.

Соңғы 4 жарым жылда денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2086 дерегі тіркелген. Қит етсе жұдырық ала жүгіретін жандардың мәселесіне психологтар да үңіліп, өз пайымдарын ортаға салды.

Өткен жылы үш баланың анасы Ажар Шадиева күйеуінің қолынан қаза тапты. Оқиға Қызылорда қаласында болған. Өзінің туған күнін караокеде тойлауды ұйғарған 27 жастағы келіншек кеш ортасында кенеттен күйеуі Руслан Отарбаевпен жанжалдасып қалады. Ақырында ол әйелін қатты соққының астына алған.

Ұрыс Ажардың ертерек үйіне қайтқысы келгенінен басталды, - дейді марқұмның әпкесі.

Өздері бұл сұмдықты полиция қызметкері хабарласқанда ғана білген екен.

Жұлдызай Шадиева, А.Шадиеваның әпкесі:

- Таңғы 4-те полиция қызметкері Ажардың телефонынан әпкеме хабарласып, келіп есеп айырысуды сұраған. Барғаннан кейін полиция өзі айтқан әпкеме «мына жерде күйеу балаңыз қызыңызды ұрып-соғып 1-2 рет талып қалды» деп. Үйге апарып жуындырып, көрпемен бетін жауып қойған екен. Сол жерден әпкем өзі жедел жәрдем шақырып, содан кейін маған хабарласты, мен бардым.

Жалпы бұл аты шулы оқиғалардың біреуі ғана. Соңғы 4 жарым жылда 800-ден астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Таяуда ғана Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысында дәл осы мәселе көтерілді. Комиссия мүшелері Қылмыстық кодекске «тұрмыстық зорлық» деген жеке бап енгізуді ұсынды.

Салтанат Тұрсынбекова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:

- Арнайы бөлек осындай бап болатын болса, онда қылмыстық кодекстегі барлық қылмысты қарастыратын баптар соның ішіне кіруі керек. Мысалы ауыр дене жарақатын не болмаса орта дене жарақатын келтіру не өлім, өлімге жеткізу – осы баптың бәрі онда соның ішінде қамтылуы керек. Қылмысқа баратын адамдар «ертең маған ештеңе болмайды, мен үшін заңда қатаң шаралар көзделмеген» деп, бұл да бір себебі болуы мүмкін.

Жалпы қазіргі таңда жауапкершілік қатаңдады. Енді отбасы мүшелеріне күш көрсетіп, денсаулыққа түрлі деңгейдегі жарақат келтіргендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Яғни жазалау мерзімі екі есеге ұлғайды. Сондай-ақ әкімшілік шара ретінде 5 тәулікке қамау жазасы қарастырылған. Ал оқиға қайталанса, бұл мерзім 20 тәулікке дейін артады.

Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:

- Өзгертулердің заңды күшіне енген 4 айдың ішінде оның алдындағы 4 аймен салыстырғанда 5 есеге әкімшілік жауапкершілікке тарту көбейді. Яғни біз 1 шілдеге дейін жәбірленушілер арызды жазуынан бас тартуына байланысты 60 пайыз құқық бұзушы ешқандай жауапкершілікке тартылмай, жазасыз қалып келген болса, бүгінгі күні 92 пайыз құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершіліккке тартып, тиісті жазаларын Сот беріп жатыр.

Заң қатаңдағанымен, мәселе шешіле қоймайды, - дейді мамандар. Психолог Орынгүл Жақсыбаеваның айтуынша тәрбие расында тал бесіктен басталады. Яғни ерлі-зайыптылар балаларына жылы сөйлеп, олардың алдында сыйластық пен сүйіспеншілік көрінісіндегі тату отбасының үлгісін көрсетуі тиіс. Сонда ғана болашақ ұрпақ бірін-бірі құрметтейтін болады.

Орынгүл Жақсыбаева, психолог:

- Қыз бала болсын, ер бала болсын олар әке-шешесіне қарап өседі. Қандай үлгі көрсетеді, қыз да ұл да өзінің жанұясына соны енгізеді. Сондықтан әке-шеше бірінші өзінің қарым-қатынасын жөндеуі керек. Психологтарға баруы керек. Міндетті түрде балаларға айқайламай «мынаны жаса, ананы жаса» деп манипуляция жасамау керек. Басынан сипап, құшақтап сөйлессе – қыз бала да ер бала да бақытты болады.

Ал Әкелер одағы бірлестігі өкілдерінің өз пікірі бар. Мақсұтбек Айтмағанбетовтың айтуынша, қоғамда профилиактикалық шараларды күшейту керек. Мектептегі оқушыларға тәрбие жұмыстарын жүргузі қажет. Әсіресе ер балалардың тәртібі – маңызды.

Мақсұтбек Айтмағанбетов, «Әкелер одағы» республикалық ҚБ төрағасы:

- Бұл жерде профилактика жұмысы болу керек, біріншіден. Екіншіден, мұны қоғамға айта жүру керек, түсіндіру керек: не үшін болып жатыр, қалай болып жатыр. Әрине бұл тәрбие жұмыстарын бүкіл ел болып қолға алу керек. Қанша жағдайларда ер адамның қолынан таяқ жеп жатыр, қайтыс болып жатыр. Сондықтан ер балалардың тәрбиесіне үлкен мән беруіміз керек.

«Үйлену оңай, үй болу қиын». Қазақтың бұл сөзінің өзектілігі жыл өте артып келеді. Шаңырақтың шайқалуына көбіне тұрмыстық зорлық-зомбылық себеп. Соңғы үш айдың өзінде отбасы мүшелеріне зорлық-зомбылық көрсеткендер саны 4 есе артты. Олардың 27 мыңы жазаланды. 6 мыңнан астам қаскөй қамуға алынды.

Бүгінде елде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге қол ұшын созатын 70-ке жуық орталық ашылған. Оның 19-ы жәбірленушіні уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Онда психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді. Сондай-ақ қазіргі таңда «111» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Ол «шұғыл» номерлер қатарында тұр.

Альмира Оразбай, Айдос Меделбеков, «Хабар-24».