Шымкентте қаржы пирамидасының басшысына қатысты тергеу аяқталды

Шымкентте қаржы пирамидасының басшысына қатысты тергеу аяқталды

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті "Chia Tai Tianging" қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімше басшысына қатысты тергеуді аяқтады.

Бұл туралы ҚМА баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкент қаласының тұрғыны 2022 жылдың қарашасы мен 2023 жылдың сәуірі аралығында аталған қаржы пирамиданың қаладағы филиалын басқарғаны анықталды. Ол 700 млн теңгеге материалдық залал келтіре отырып, екі жүзден астам салымшы тартқан. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды және іс сотқа жіберілді - делінген хабарламада.

Қаржы пирамидаларын құру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырамыз. ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі. Компанияларды қаржылық пирамида белгілерінің бар-жоғына "Baiqa, piramida!" телеграмм боты арқылы тексере аласыз - дейді мамандар.