Елордада «WorldSkills Kazakhstan 2023» чемпионаты өтеді

23-25 қараша аралығында елордада дәстүрлі «WorldSkills Kazakhstan 2023» VIII Республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді.

Оған ел аумағынан 550-ге жуық жас маман мен 500-ден аса сарапшы қатысады. Колледж студенттері 30 құзыреттілік бойынша өз біліктіліктерін көрсетіп сайысқа түседі: электро-монтаж жұмыстары, бизнеске арналған IT-шешімдер, кірпіш қалау, мобильді робототехника, меха-троника, шаштараз және басқа кәсіп бойынша машықтарын паш етуі тиіс. Жеңімпаздар келесі жылдың қыркүйегінде Францияда өтетін халықаралық чемпионатқа қатысады.

Ақзира Қасымова, ҚР ОАМ Техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының м. а:

- Қазақстандағы WorldSkills қозғалысын дамыта отырып, біз жұмысшы мамандықтардың беделін арттырамыз, үздік тәжірибелерді интеграциялау арқылы еліміздің жұмысшы кадрларын даярлау жүйесін жақсартамыз. Осылайша, барлық стейкхолдерлерді шоғырландырып, колледж студенттерінің негізгі дағдыларды игеруіне жағдай жасай отырып, біз олардың трансформацияға дайын болғанын және қазіргі әлемнің жаңа жағдайларына бейімделгенін қалаймыз.