СҚО-да ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор

Биыл Солтүстікқазақстандық диқандар ауа райының қолайсыздығына қарамастан ел қамбасына 3,7 миллион тоннадан астам астық құйды.

Жиналған өнім көлемі әр гектарға орта есеппен 11,1 центнерден келді. Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу қызметкерлері күні қарасаңында еңбеккерлер ерекше құрметке бөленді. Өсімдікпен мал шаруашылығын өркендетіп, өнегелі еңбегімен танылған шаруаларды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов марапаттады.

Күз - ауыл еңбеккерлері үшін қашанда береке мен мерекенің мезгілі. Орақ науқанын аяқтаған шаруалардың көңілі қазір шат-шадыман. Тамыз бен қыркүйектегі жауын диқандарды әбігерге салғаны жасырын емес. Дегенменде ризығын жерден табатын шаруалар қамбаға -3,7 миллион тонна астық құйды.

Серікбай Тұралинов, ауыл шаруашылығы саласының ардагері:

- Биылғы жыл оңай болған жоқ. Мен өзім 45 жыл жұмыс істесемде, мұндай жылды бірінші рет көріп отырмын. Сондықтан ойламыз, әлі де мемлекет қолдауын, көмегін беретін шығар деп. Мал шаруашылығы бойынша біздің облыс бірінші қатарда. Өйткені жыл сайын оннан артық сүтті тауарлы фермалар салынып жатыр.

Егіншілікпен бірге мал шаруашылығы қатар дамып келеді. Жыл соңына дейін облыста 700 мың тонна сүт өндіріледі. Өңір ауыл шаруашылығы өнімдерімен өз-өзін қамтамасыз етіп отыр. Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрінің 15-і аймақта шығарылады. Құс еті импортын азайту үшін де, ауқымды жобалар қолға алынды. 

Талғат Мақтаев, құс фабрикасының директоры:

- Жылына 5 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндігіміз бар. Сондықтан алдағы жоспарымыз ауқымды. Енді болашақта толық циклді кәсіпорын құруды ойлап отырмыз. Яғни жұмыртқа өндіруді қолға аламыз. Ол үшін 20 гектар жер бөлінді. Әзірге бізде  160 адам еңбек етіп жатыр.  Орташа айлық -250 мың теңге. 

Салтанатты шара барысында үш азамат «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Тағы алтауы ауыл шаруашылығы саласының үздігі атанды. Сондай-ақ механизатор, агроном, зертханашы, бақташы сынды қарапайым жұмысшыларға министрлік пен облыс әкімінің құрмет және алғыс хаттары табысталды. Шара соңы эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов