Инвестор Qazaq Air компаниясын сатып алуға мүдделі

Вьетнамдық лоукостер Qazaq Air компаниясын 10 млрд теңгеге сатып алуға, сондай-ақ оның барлық қарызын өтеуге мүдделі.

Еліміздің Көлік министрлігі шетелдік инвестормен келіссөз жүргізіп жатыр. Ведомство басшысы Марат Қарабаевтың айтуынша, бесінші әуе компаниясының пайда болуы билет бағасын тұрақтандыруға ықпал етеді. Шетелдік лоукостердің үлкен әуе паркі бар және жолаушыларды тасымалдауға жаңа ұшақтар бере алады.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Qazaq Air-ды сатып алған жағдайда компания елімізге 50 жаңа борт жеткізуді жоспарлап отыр. Жалпы бұл компания бүгінгі таңда 200 Боинг пен 200 эйрбасқа тапсырыс берген. Тек ел ішінде емес, сонымен қатар Қазақстаннан тыс жерлерге де ұшуға дайын. Соған қолдау сұрап отыр.