Атырау облысында биыл 23 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды

Сонымен қатар бос орындар жәрмеңкесі арқылы 7,5 мың адам тұрақты еңбекке араласты.

Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында да жастарға бірнеше қолдау түрі қарастырылған. Мысалы 150-ден аса жас кәсіпкер жеңілдетілген несие алған.

Перизат Нұрқайырова былтыр «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша жоғары оқу орнын аяқтаған. «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасымен мамандығы бойынша жұмысқа орналасты. 10 ай бойы тәжірибесін шыңдап, қазір қалалық мансап орталығына тұрақты қызметке ауысқан.  

Перизат Нұрқайырова, қалалық Мансап орталығының маманы:
- «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы - жастарға жақсы бағдарлама. Биыл оқу бітіріп келген жастардың барлығын жұмысқа жіберіп отырмыз. Әр түрлі компанияларға жібереді. Ол компаниялар өзін жақсы көрсеткен мамандарды тұрақты жұмысқа алып қалады.

Биыл облыста ұлттық жобалар аясында 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды. Өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша жастарды қолдау бағдарламалары да жүзеге асты.

Гүлболат Аманғалиева, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының бөлім басшысы:
- Өңірлік жұмыспен қамту картасы шеңберінде жастарды кәсіпкерлікке тарту бағытында Атырау облысы бойынша 186 жас кәсіпкерге микрокредит 2,5 пайызбен беру жоспарланды. Бүгінге 150-ден астам жас осы несиеге ие болып, өз ісін бастап жұмыс жасап жатыр.

Тұрғындардың дені мұнай-газ саласын таңдайды. Себебі мұнда жалақы жоғары. «Бірақ мұнда бәріне бірдей жұмыс табыла бермейді», - дейді мамандар. Жалпы өңірде жұмыссыздық деңгейі 4,9 процентке тең. Жыл соңына дейін оны 4,7 процентке төмендету жоспарланған.   

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин