2024 жылы мемлекеттік табиғи резерват құрылады

Келесі жылы ел батысында мемлекеттік табиғи резерват құрылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа қорық Каспий итбалығының популяциясын сақтауға мүмкіндік береді. Қызыл кітапқа енген су жануарларын қорғау және оларды көбейту туралы ұсынысты Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында айтқан еді.

2000 жылдардың басында Каспий итбалығының саны 1 млн-ға жуықтаған. Бүгінде мамандар олардың 300 мыңға дейін азайғанын айтады. Осыған байланысты 2024 жылы Маңғыстау және Атырау облыстарының аумағында мемлекеттік табиғи резерват құру жоспарланып отыр.

Ерасыл Суықбаев, ҚР ЭТРМ Балық шаруашылығы комитеті басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы республикалық бюджеттен техникалық-экономикалық негіздеме дайындауға тиісті қаражат бөлінді. Қазіргі таңда табиғи резерват құру бойынша жаратылыстану ғылыми негіздемесі дайындалды және ол уәкілетті органмен бекітілді. Оның негізінде табиғи техникалық-экономикалық негіздемемен қазір ғылыми ұйымдар айналысып жатыр. Оны аяқтау желтоқсан айында жоспарлануда.

Техникалық-экономикалық негіздеме дайындау мақсатында 180 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат құжаттамалық жұмыстарға жұмсалатын болса, резерваттың өзін құруға қазынадан қосымша қаржы бөлінеді. Әзірге қанша көлемде екені белгісіз, - дейді Ерасыл Суықбаев.

Ерасыл Суықбаев, ҚР ЭТРМ Балық шаруашылығы комитеті басқармасының басшысы:

- Қарапайым тілмен айтқанда, ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Жалпы табиғи резерваттың көлемін, штат санын анықтау үшін техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. 2024 жылы құрылуы кезінде Үкімет қаулысы дайындалады. Сол кезде республикалық бюджеттік комиссияға шығарылады. Сол кезде тиісті қаражат бөлінеді құрылуы үшін.

Жалпы Каспий ортасындағы әр шағын аралға 500-ден бастап 3 мыңға дейін итбалық аялдайды. Өкінішке қарай, Гидробиология және экология институтының мамандары көл суының тартылуына байланысты сүтқоректілердің солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай ауу тәуекелі жоғары екенін айтып отыр.

Әсел Баймұқанова, Гидробиология және экология институтының ғылыми қызметкері:

- Соңғы деректер бойынша 2008-2023 жылдар аралығында Каспийдің Қазақстан аумағындағы Дурнево учаскесі суының тартылуына байланысты ұсақ аралдардың аумағы 42 шақырымға дейін құрғап қалған. Бұл – соңғы 15 жыл ішіндегі теріс көрсеткіш. Мәселен, Каспиймен шектесетін көрші елдердің су аумақтарында аялдауға қолайлы жаңа аралдар пайда болса, әлбетте итбалықтар көлдің орталығы мен батысын мекендей бастайды.

Итбалықтардың азаю себебін бірі балық аулаған браконьерлердің тұзағынан көрсе, енді бірі құс тұмауымен байланыстырады. Мәселен, былтыр желтоқсан айында Ресейдің Дағыстан Республикасы жағындағы Каспий жағалауында итбалықтар жаппай қырылған еді. Мұны шетелдік биологтар жұқпалы ауру тасымалдайтын жыл құстарынан көрген. Өлекселерді зерттеу жұмыстары мен олардан алынған сынамалар жоғарыда айтылған болжамды растап отыр.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Мамандардың сөзіне сүйенсек, мемлекеттік табиғи резерваттың жұмысы нәтижелі болуы үшін бұл игі іске Каспиймен шектесетін көрші елдер де атсалысуы керек. Өйткені итбалық – көлдің барлық аумағын мекендейтін су жануары. Мәселен, қазір Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігінде шамамен 60 мың сүтқоректі бар. Осыған байланысты мұнай компанияларының жұмысына да белгілі бір шектеулер енгізіп, оларға қойылар талапты күшейту керек, - дейді зоолог және эколог мамандар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Серік Қоңырбаев, Ақылбек Есімсейітов.