Жамбыл облысында жер телімдері заңсыз бөлінген

Жаңатас қаласының әкімдігі химия зауыты маңынан үй салуға жер берген.

Ал бұл санитарлық қорғауда болуға тиіс аумақ. Үй салуға арналған 61 жер учаскесі мұнай өңдеу зауытынан 300 метр жерде жатыр. Аудан прокурорлары қаланың даму картасын талдау кезінде осындай заң бұзушылықты анықтады. Шешім 2018 жылы қабылданған. Бірақ санитарлық эпидемиология, экология мен төтенше жағдайлар департаменті әлі рұқсат бермеген. Құжатқа қол қойған бөлім басшысы қазір қызметте жоқ. Ал шағын қалада 1200-ден аса адам жер кезегінде тұр.

Қайсар Бекмұратов, Сарысу ауданы прокурорының орынбасары:

- Прокурорлардың пікірі санитарлық эпидемиологиялық органдардың зерттеуімен өз дәлелін тауып, берілетін жер учаскелері ауының ластанған жерінде орналасқаны расталды. Азаматтардың құқықтары мен денсаулығын қорғау мақсатында Жаңатас қаласының егжей тегжейлі жоспарына енгізілген өзгерістер бұзылып, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы орган басқа жер учаскелерін беруге бағытталды.