«Хабар» агенттігі БҰҰ Жаһандық шартының қатысушысына айналды

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары индексі бойынша 166 мемлекеттің ішінде 66-ыншы орында.

Еліміз адам құқықтары, еңбек қауіпсіздігі, қоршаған орта және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі шараларды, 10 әмбебап қағидатпен сәйкестендіруге тиіс. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық шартындағы осы міндеттемелерге Қазақстан 2030 жылға дейін қол жеткізуі қажет. Ол үшін бизнес секторымен арадағы ынтымақтастықты кеңейту көзделген. Яғни, қоршаған ортаны қорғау, гендерлік теңдік, климаттың өзгеруі сияқты жаһандық мәселелерге отандық компаниялар да өз үлесін қосатын болады. Қазірдің өзінде Жаһандық шартқа жалпы құны 7 млрд доллардан асатын 52 қазақстандық компания қосылған.

Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі:

- Жаһандық және жергілікті мәселелерді шешуде бизнестің рөлі ерекше. Кедейлік, теңсіздік, климаттың өзгеруі сияқты мәселелердің оңтайлы шешілуіне бизнестің қосар үлесі зор.  Былтыр бұл бастаманы қолға алғанда небәрі 2 қазақстандық компания ғана жобаға қатысуға ниет білдерген. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық шартына қосылған компаниялардың саны 50-ден асып отыр. Біз жаһандық міндеттемелерге қол жеткізу үшін осылай күш біріктіре жұмыс істеуіміз керек.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Бастамаға «Хабар» агенттігі де қосылып, Жаһандық шарттың толық құқықты қатысушысына айналып отыр.

Динара Сейджапарова, БҰҰ Жаһандық шартының Қазақстан бойынша менеджері:

- Біріккен Ұлттар Ұйымының Жаһандық шарты 165 елден 21 мыңнан астам компанияны біріктіріп отыр. Бұл қатарға «Хабар» агенттігінің қосылып отырғаны қуантады. Осының арқасында агенттік ішкі корпоративтік процестерін жақсартып қана қоймай, Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия бойынша стратегиялық серіктесіне айналады. Өйткені әлемдегі ең өзекті мәселелерді халыққа түсіндіруде бұқаралық ақпарат құралдарының  рөлі айрықша. Әріптестік бағытта бірлесіп жұмыс жүргіземіз.