Қазақстандықтар су тапшылығын сезінуі мүмкін

Алдағы 10 жылда қазақстандықтар су тапшылығын қатты сезінуі мүмкін.

Сондықтан тіршілік нәрін қазірден бастап үнемдеп, аграрлық шаруашылықта тиімді технологияларды пайдалану өзекті.

Бұл мәселелер бүгін Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде талқыланды. Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі  ұйымдастырған  шарада студенттер өз жобасын таныстырып, экологиялық проблемаларға үңілді. Олар биоалуантүрлілік, климаттық өзгерістердің қоршаған ортаға әсері тақырыбында ой қозғады. Кездесуде қазіргі қалыптасқан жағдайда мемлекеттің тұрақты дамуы талқыланды. Диалог алаңы студенттерге сала мамандарымен кездесіп, халықаралық тәжірибені бағамдауға мүмкіндік береді.

Нұртөре Өмірзақ, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ орман шаруашылығы мамандығының магистранты

- Қазақстан Республикасына келетін су көздерінің 44%-ті шекарадан тыс орналасқан. Бастаулары Қытай, Қырғызстан сияқты көптеген мемлекеттерден келеді. Оның биоалуантүрлілікке әсері бар. Қазіргі климаттың өзгеруіне қатысы бар. Суды үнемдеп пайдалану керек. Дүниежүжізілік банктің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстандағы судың мөлшері, су көлемі 90-нан 70 км кубқа дейін азаюы мүмкін.

Кэти Лич, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі:

- Қоқысты сұрыптап, қайта өңдеу өте маңызды. Бұл – қоғам санасын оятудағы жақсы құрал. Қоқысты сұрыптау арқылы әр азамат қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қоса алады. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеу Астанада және Қазақстанның басқа қалаларында да өзекті. Сондықтан адамдарды осыған ынталандырып, мәселені жүйелі түрде шешу керек деп есептеймін.