Түркістан облысында 900-ге жуық мектептегі бейнекамера іске қосылды

Ал Түркістан облысында 900-ге жуық мектептегі 12 мыңнан астам бейнекамера Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды.

Қалған 100-ден аса білім беру ұйымы қосымша жаңа бейнебақылау құрылғысымен толығуда. Алдағы уақытта оларды да осы орталыққа қосу жоспарланып отыр.

Түркістан қаласындағы №21 жалпы орта мектебі 900 орынға шақталған. Мұнда 1800 бала екі ауысыммен білім алады. Оқу ордасы кәсіби күзет, бейнебақылау камералары және турникетпен қамтылған. Немересін сабақтан алып қайтуға келген қала тұрғыны Ақмарал Беспаева мектептің қауіпсіздігіне көңілі толатынын айтады.

Ақмарал Беспаева, қала тұрғыны:

- Бұның алдында балаларым оқыған, ол кезде мұндай мүмкіндік жоқ еді. Бала үшін алаңдайтынбыз. Әжетхана сыртта, небір сұмдық дүниелердің бәрін естідік қой. Қазір енді барлық жағдай жасалған. Ата-аналарда ешқандай қорқыныш жоқ, себебі баламызды мектепке уайымсыз жібере аламыз.

Бұл мектептегі 44 бейнебақылау камерасының 20-сы ғимараттың ішін түсірсе, қалғаны сыртқы бөлігін қамтиды. Мектеп дәлізі, асхана, спорт және көрермен залы да бақылауда. Барлық камералар облыстық ПД жедел басқару орталығына қосылған. Оқушылар білім ұясына турникет арқылы кіреді.

Ақдидар Төлегенова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Камераның көмегі өте зор. Өйткені мектепке оқушылардың кіргеннен бастап, қауіпсіздігін, олардың шығып-кіруі, әсіресе бастауыш сыныптардың ата-аналарынан щағым түседі «менің балам жоқ, әлі үйге келген жоқ» деген кезде камераны ашамыздағы қай жаққа кеткендігін барлығын анықтап беріп отырамыз.

Сонымен қатар білім ошағы дабыл және SOS батырмасымен қамтамасыз етілген.

Жауаптылар жыл соңына дейін облыстағы барлық мектептер 100 пайыз турникетпен қамтылатынын айтады. Бұдан бөлек, бала саны 300-ден асатын 573 білім ұясы лицензияланған кәсіби күзет қызметіне өткен. Биыл өңірде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 6 млрд теңге бөлінген. «Облыста жыл соңына дейін «Қауіпсіз мектеп» жобасы толық іске асады»,-дейді мамандар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш