Бір аптада 5 мыңға жуық қызылордалыққа әкімшілік хаттама толтырылды

Мас күйінде көлік тізгіндегендер жауапкершілліке тартылып, мезгілсіз уақытта көшеде жүрген 200-ден астам жасөспірім ұсталды.  

Күшейтілген режимге көшкен полицейлерге еріктілер жасағы мен «Аманат» партиясының өкілдері де көмектесіп жүр.

Іс-шара кезінде нөмерсіз жүрген көлік жүргізушілері ұсталды. Масаң күйде болған 30 жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Ең сорақысы, тегіс ұңғылы қару асынған 10 адамды қолға түсірді. Оның ішінде тапанша ұстаған жасөспірімдер де бар. Саяси партия белсенділерімен бірлесіп, топ құраған полицейлер қаладағы ойын орталықтары мен кафе, түнгі клубтарды сүзіп шықты. Кәмелетке толмаған баланы кіргізген кәсіпкерлерге де айыппұл салынды. Беймезгіл уақытта жүрген жеткіншектердің ата-анасы шақырылды.

Дәурен Мырзалиұлы, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

- Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемесінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болудың 227 дерегі анықталып, әкімшілік хаттамалар рәсімделді. Іс-шара басталғалы орын алған қылмыстың 61%-і ашылды. Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары өз-өзімізге жанашыр болып, қандай да бір құқықбұзушылықты жасамауға шақырамыз.

Әсетхан Баймұрза, "Жастар рухы" жастар қанатының филиал төрағасы:

- Акциялардың өте күрделілігі соншалық қоғамдағы резонанс тудырып жатқан зорлық-зомбылыққа қарсы одан бөлек вандализм мен есірткіге қарсы барлық акциялар жүзеге асырылып жатыр. Балалардың қауіпсіздігі арнайы құдықтар, ойын алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдарының белгісі бар бірақ жолақтары жоқ жерлерде «Қауіпсіз қала» акциясы басталып, Қазақстан бойынша жүргізілгеннен кейін «Қауіпсіз қоғам» акциясы болып ары қарай жалғасып, бұған дейін 8 рейд жүзеге асты.

Рейд күндіз де жалғасады. Полицейлер университет және колледждерді аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Әсіресе жоғарғы курс студенттерінің кішілерге әлімжеттік көрсету әрекеттері жөнінде ескертпе жасалып, құқықтық жазалаудың қатаңдағаны айтылды.

Шамшидин Әмитов, Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы және ІІМ нұсқауына сәйкес студенттер арасындағы негізгі құқықбұзушылық оның ішінде топтық төбелестер, әлімжеттік жасау, құмар ойындарға бас ұру, буллингке қатысты қысым көрсету жас балаларға. Сонымен қатар нашақорлық жасөспірімдер арасындағы осы мәселелер қозғалатын болады.

Облыс орталығымен қатар аудан, ауылдарды қамтитын «Құқықтық тәртіп» шарасы 30 қарашаға дейін жалғасады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Бәйділдаев