Киберқылмыстың алдын алу шаралары күшейтілді

Павлодар облысында жыл басынан бері интернетте алаяқтықпен айналысқан 124 адам ұсталып, жазаға тартылды.

Мамандардың айтуынша, киберқылмыстың алдын алу шаралары күшейтілді.

Қазір заманауи технологиялар көп қолданылады. Полиция «Киберпол» арнайы жобасын іске қосқалы, қылмыс 12%-ға азайған.

Құқыққорғаушылар жеке мәліметтер мен банктік есепшоттарға қатысты ақпаратқа мұқият болған жөн дейді. Өйткені қылмыстың басым бөлігі шағын несие алу, онлайн сауда-саттық жүйелерінде тіркеледі. Облыста бір жарым жыл бұрын киберқылмыспен күресетін арнайы бөлім де құрылды.

Болат Нұрсейітов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары:

- Интернет-алаяқтар ұялы телефон арқылы халықты алдайтыны белгілі. Осыған байланысты біз байланыс операторларына абоненттік номерлерді сату процедураларын қайта қарауды ұсындық. Сонымен қатар, сим-карталарды бір адамға көптеп сатпау туралы ұсыныс жасадық. Бұл ретте Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексіне өзгертулер енгізу жоспарланған.