Батырлар институты толық зерттеуді қажет етеді

Тарихшылар батырлар институтын зерттеуде ресми архивпен шектелмеуді ұсынады.

"Қазақ қоғамындағы батырлар институтын кешенді зерттеу қажет. Олар ұстанған ар-намыс кодексі, салт-дәстүрлер бүгінгі жастарға рухани темірқазық болары анық. Жекелеген зерттеулерде көрініс тапқан батырлардың этикетін жүйеге келтірген жөн".

Бұл туралы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырған «Бұқарбай батыр Елтоқұлы және қазақ-жоңғар соғыстары» атты конференцияда айтылды.

Биыл «Ақтабан-шұбырынды, Алқакөл-сұлама» оқиғасына 300 жыл.

Бұқарбай батыр қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан азат етуге қатысқан тұлға. Ұлттық рухты шарықтатып, елдің басын біріктіруге үлес қосты.

Тарихшылар батырлар институтын зерттеуде ресми архивпен шектелмеуді ұсынады. Себебі, деректердің барлығы мұрағатта сақталуы шарт емес. Өзіміздің ауызша тарих айту дәстүрімізді де ескерген жөн,-дейді зерттеушілер.

Меңдігүл Ноғайбаева, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Мысалы Мәдени мұра бағдарламасы бойынша соңғы жылдары жарық көрген Бабалар сөзі деген 100 томдық фольклор жинағы бар. Соның 29-томында ҚХР территориясында өмір сүріп жатқан біздің қандас бауырларымыздың арасында сақталған тарихи жыр-дастандар енгізілген. Соның ішінде «Ел қормалы – ер Абылай» деген дастан бар. Сол дастанда осы Бұқарбай бабамыздың ерлік жырлары толық жырланған. Одан бөлек халықтың ішінде сақталған «Бұқарбай батыр» деген дастан бар. 2,5 мың жолдан тұратын.