Петропавлда 600 отбасы баспаналы болды

Петропавлда әлеуметтік жағынан осал топтағы 600 отбасы баспаналы болды.

Олар үшін арнайы 6 бірдей жалдамалы-коммуналдық үй салынды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 7 миллиардқа жуық теңге бөлінді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Мына аулаға жиналған адамдардың қуанышында шек жоқ. Олар талай жылдан бері пәтер кезегінде тұрып, бүгін сол армандарына жетті.

Бұл үйлер жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы және толық емес отбасыларға берілді. Пәтер кілттерін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов табыстады. Баспаналы болғандардың бірі – Әйгерім Шұқанова. Ол пәтер кезегіне 13 жыл бұрын тұрған. 

Әйгерім Шұқанова, қала тұрғыны:

- Біз квартираны жалдап тұрғанбыз. Енді 15 жылдай жалдап тұрмыз. Мен осында Петропавл қаласында оқыдым. Бітірдім педколледжді. Жұмыс істеп жатырмын осында. Өзіміздің үйіміз болғаны жақсы ғой.

Әлеуметтік жағынан осал топтағы адамдарға арналған 6 үй «Береке» шағын ауданында салынды. Барлығы 600 пәтер. Оның біреуі Гүлнәз Кенжетаеваға бұйырды.  

Гүлнәз Кенжетаева, қала тұрғыны:

- Бұған дейін ата-енеммен бірге тұрдым. 6 бала – шағамыз бар. 4-5 жыл болды кезекке тұрғанымызға. Қуаныштымын. 3 комнаталы үй берді маған. Көпбалалы болдым деп очередьке тұрдым. Өзіміз тоже үйіміз болсын деп армандап и былай сразу тез келеді деп ойлаған жоқпын әрине. Қуаныштымыз.

Жыл соңына дейін Петропавлда 22 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл тағы да екі мың отбасы баспаналы болады деген сөз.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов