Шымкентте мәдениет басқармасының бұрынғы басшысына сот үкімі шықты

Шымкентте қарамағындағы қызметкерден 1 млн теңге пара алған мәдениет басқармасының бұрынғы басшысына сот үкімі шықты.

Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оған 30 миллион теңге айыппұл салды. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Айта кетейік, басқарманың бұған дейінгі басшысы да жемқорлық қылмысымен істі болған еді. Одан бөлек мекеменің тағы бір лауазымды тұлғасы заңсыз сыйақы алғаны үшін 3,5 жылға бас бостандығынан айрылған болатын.

Дәурен Ерғарин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шымкент қаласы бойынша департамент басшысы:

- Біздің негізгі мақсатымыз олардың орнына тағайындалатын басшыларға осы қылмысты жасауға жол бермеу болып табылады. Сол сұрақтар қазіргі уақытта бүгінгі жұмыс жиналысында талқыланатын болады. Қылмыстық схемаларды жоққа шығару болып табылады.

Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:

- Мәдениет саласында осындай жағдайдың болып жатқаны біздің өзегімізге өкініш ұялатады. Біздің бетімізге селкеу түсіреді. Жалпы қаламыздың, қала берді еліміздің атына нұқсан келтіреді. Біз бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып осы дертпен күресуді ұйғардық.