Еңбек қауіпсіздігін арттыру қажет

Елдегі кәсіпорындарда жыл сайын 1500-ге жуық жазатайым оқиға болады.

Олардың 200-ден астамы қайғылы жағдаймен аяқталады. Депутаттар осылай деп дабыл қағуда. Мәжілістің көшпелі отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев, өндірістік орындардағы қызметкерлердің қауіпсіздігін сақтайтын нормаларды күшейтуді ұсынды. Мұнымен қоса кәсіпорынға кедергісіз тексеру жүргізуі үшін еңбек инспекторларының мәртебесін күшейту керектігін айтты. Ал ұсыныстарын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде пысықталып жатқан арнайы тұжырымдамаға енгізуді сұрайды.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Расында да бізде еңбек қауіпсіздігі нақты деңгейде сақталмайды. Бірінші мәселе бізде еңбек инспекторлардың мүмкіндіктері шектеулі, олардың саны аз. Осы мәселені реттеу мақсатында министрлік тарапынан арнайы «еңбек қауіпсіздігін сақтау» концепциясы дайындалып жатыр. Елде 1,6 миллион адам азамат осындай кәсіпорындарда жұмыс істейді. Оның 400 мыңы осындай қиын, ауыр кәсіпорындарда қызмет жасайды. Яғни 400 мың азаматтың қауіпсіздігімен айналысуымыз керек.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Биыл еңбек инспекторлары 5800-ге жуық тексеру жүргізіп, 8 мыңнан астам заң бұзушылық фактісін анықтады. Оның 23 пайызы еңбек қауіпсіздігіне тиесілі. Ал жұмыс берушілерге 339 миллион теңгеден асатын 2 мың әкімшілік айыппұл салынды. Яғни бұл кәсіпорын басшыларының айыппұл төлеп, оңай құтыла салатынын көрсетіп отыр. Қазір «2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының» жобасы әзірленіп жатыр. Оны біз алдағы уақытта ұсынатын боламыз.