Қостанай облысында 300-ден астам елді мекенді интернетке қосу жоспарланып отыр

Қостанай облысында үш жүзден астам елді мекенді кең жолақты интернетке қосу жоспарланып отыр.

Белгіленген жұмыс ауқымын төрт жылдың ішінде атқарып шығу межеленген. Бұл елді мекендер "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасына енгізілді. Ауылдық жерлерде байланыс жүйесін жетілдіру үшін тармақталған талшықты-оптикалық желі тартылады. Ал жер бедері күрделі аумақтар ғаламтор желісіне спутник жүйесі арқылы қосылады. Сондай-ақ ұлттық жоба аясында республикалық және облыстық маңыздағы жолдарды да мобильді интернетпен қамту көзделіп отыр.

Азамат Қашиев, облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы:

- 2024-2025 жылдарға Қостанай облысы бойынша антенна орнататын 7 бағыт анықталды. Атап айтсақ, республикалық маңыздағы жол бойында Арқалықта, Жітіқара, Сарыкөл аудандарында біреуден, Денисов және Алтынсарин аудандарында екі антеннадан қойылады. Сол жетеудің біреуі бойынша жобалаушы анықталды. Қалғандарының жобалық сметалық құжатын дайындауға бюджетке тапсырыс берілді. Сондай-ақ байланыс нашар облыстық маңыздағы жолдар бойындағы 15 участке анықталып,тізімі  ақпарат және қоғамдық  даму министрлігіне жіберілді.