Қ.Тоқаев: Ақтөбенің экологиясын тез арада түзеу керек

Ақтөбенің экологиялық мәселесін тез арада шешу қажет.

Өңірге жұмыс сапары барысында президент осындай міндет жүктеді. Аймақ басшысы, алдағы алты жылда шаһар экологиясына 228 млрд теңге инвестиция құямыз деп баяндады. Қазір Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы №1, 2 балқыту цехтарының газ тазарту жүйесін жаңғырту жұмыстары аяқталған. Қасым-Жомарт Тоқаев керамогранит және қыш плиталар шығаратын зауытты да аралап көрді. Индустриалды аймақта орналасқан өндірістік нысанның аумағы – 15 гектар. Зауыт жылына 5 миллион шаршы метр өнім шығарады. Қазақстанның батыс өңірлерінің сұранысын толық өтеп, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне де экспорттап отыр. Бұл зауыттың бір ерекшелігі - өндірістің барлық жұмысы толықтай автоматтандырылған.Кәсіпорынға 9,2 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылыпты. «Өндірісті дамыту қоры» акционерлік қоғамынан қондырғылар сатып алу үшін мемлекет 7,5 миллион еуро көлемінде несие алуға қолдау көрсеткен.

Ерлан Тілеуқабылов, «Зерде-керамика Ақтөбе» зауытының директоры:

- Біздің тұтынушыларымыз біздің өнімнің сапасын ресейлік өнімнен кем деп санамайды. Тіпті, италяндық, испандық керамикамен де сапасын салыстырып, бағалап жатады. Біз бәсекеге қабілетті екенімізді дәлелдедік деп ойлаймын. Себебі, біз шығаратын керамика әлемдік өндірушілермен бір қатарда тұрып, бір сөреде сатылып жатыр.