Ақтөбеде екі қабатты үйдің баспалдағы опырылып түсті

Оқыс оқиға салдарынан бір адам жарақат алды. Енді тұрғындар қалай сыртқа шығатынын білмейді.

Ал үй 60 жыл бұрын салынған. Яғни әбден тозығы жеткен. Бірақ сараптама қорытындысы бойынша нысан апатты деп танылмаған.

Екатерина Новикова қызын сабақтан күтіп, дүкенге шыққан беті сол еді  опырылған баспалдақпен екінші қабаттан құлаған. Аяқ-қолын зақымдап алғанына қарамастан «Балаларым жалғыз қалатын болды», - деп ауруханадан үйіне қайтқан. 

Екатерина Новикова, қала тұрғыны:

- Жан даусымды естіген көршілерім үйлерінен атып шығып, жедел жәрдем шақырды. Бір сағаттай күттік. Қозғала алмай сол жерде жаттым. Миым шайқалып, мойын омыртқаларыма, жамбасыма зақым келді. Денем көгеріп кетті.  

Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған үйдің шатыры тесіліп, ескірген электр желілерінен де қауіп бар. Тіпті тұрғындар соңғы кезде ағаш баспалдаққа бір-бірлеп шығуға мәжбүр болған. Қаусап тұрған тұстарын өздері жөндеп келген. Көмек сұраған тұрғындардың бармаған қалмады. Былтыр терможаңғыртуға берген өтініштері әлі орындалмаған. 

Светлана Қапанқызы, қала тұрғыны:

- Жылдың басында бастауы керек еді. Соны ешкім келген де жоқ, істеген де жоқ. Даже ойлаған да жоқ. Үйдің ішінде істемей ақ қойғанмен хотя бы подъезді көмектесуі керек қой.

Екі қабатты үйде негізінен зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар тұрады. Тозығы жеткен ғимаратты жөндеуге ешкімнің жағдайы жоқ. Былтырғы сараптама іргетасы мен тіреуіш қабырғалары апатты емес деген қорытынды көрсеткен.

Жақсат Төлегенов, Астана ауданы әкімінің орынбасары:

- Тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес бұл тұрғындардың ортақ меншік иесі болып табылады. Бұлар өздері күтіп ұстауға міндетті. Ендігі таңда бұлар тұрғын үй инспекциясына құжаттарын тапсырған. Өздері айтқандай модернизацияға. Қазір тұрғын үй инспекциясымен бұл құжаттар қаралу үстінде.

Опырылып түскен баспалдақты демеушілер жөндеп береді. Бір-екі күнде ағаш тіректі темірге ауыстырады. Ал оған дейін екінші қабаттағы тұрғындарға кесе-көлденең тасталған тақтайдың үстімен жүруге тура келеді. Жалпы Ақтөбенің тек Астана ауданының өзінде 14 үй апатты деп танылған.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков