Huawei компаниясы отандық энергетика жүйесін цифрландыруға қатысады

Сонымен қатар, осы салаға қажетті мамандарды даярлауға көмек қолын созады.

Бүгін Энергетика министрлігі мен компания басшылығы кездесіп, мәселені жан-жақты талқылады. Кездесу соңында келісімге  қол қойды.

Хуавэй компаниясы қазақстандық энергетика жүйесін автоматтандыруға үлесін қоспақ. Энергетика министрлігі мен компания басшылығы тиісті келісімге қол қойды. Сондай-ақ, телекоммуникация алыбы сала мамандарын дайындауға белсене араласады. Бұл мақсатта жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылмақ.

Фарида Төлеубаева, Huawei Kazakhstan компаниясы бас директорының орынбасары:

- Хуавэй компаниясы атынан басқа әлемде енгізіліп отырған жобалардағы бар тәжірибемізді Қазақстанға әкеліп, осы жақтағы адами капиталды, кадрлардың білімін көтеруге ниеттеніп отырмыз. Екіншіден, бұл жалпы энергетика саласына цифрландыру бағытынан қарағанда өзіміздің пайдамызды тигізу болып отыр. Бұл меморандум бүгін қол қойылып, жақын арадағы үш жылда жүзеге асатын болады.

Қазақстан Үкіметі 2030 жылға қарай баламалы энергия көздерінің үлесін 15 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Компания осы бағытта жоғары деңгейдегі технологияларды ұсынады.

Бақытжан Ілияс, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Цифрлық технологиялар келешекте баламалы энергия көздерін біздің энергосистемаға интеграция жасауға өте қолайлы ықпал етеді. Әрбір қондырғының электрондық паспортын жасайды. Біз ол қондырғылардың қазіргі жағдайын цифрлық технология арқылы қарап көре аламыз.

Меморандум аясында алдыңғы қатарлы сараптамалар ескеріліп, озық тәжірибелерді енгізу көзделеді. Осылайша, Huawei компаниясы алдағы үш жылда елімізде «жасыл» энергетиканы дамытуға атсалысады.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Серік Қоңырбаев, Еламан Мұстафа